09.09.2022
  144


Автор: Ұлыхан Сұлтанқызы

Есейеді ер жетіп алғыр ұлан...

Есейеді ер жетіп алғыр ұлан,
Әрбір іске қарайды әр қырынан.


Қыста қарлы боранға қарсы жүрсе,
Нәр іздейді жаздың да жаңбырынан.
Жар басынан тартады ат тізгінін,
(Бейне осылай шығарсыз тәп сіз бүгін).
Қуанады, әрине, табысына,
Енді сабақ етеді сәтсіздігін.
Қуанады үйренген өнеріне,
Көз салады алдағы белеңіне.
Егер оған кезіксе бір қиындық,
Қуанады көз жетсе жеңеріне.
Дүниеде сан-алуан бар қуаныш,
Талап, еңбек, нәтиже, ар-қуаныш.
Тәтті күй, тамылжыған ән-қуаныш,
Жаның сүйген аяулы жар қуаныш.
Қыз қуаныш, әрине, ұл қуаныш,
Жарып шыққан жүректен жыр қуаныш.
Қажытқанда қайғының зіл соққысы,
Қалқасында тұрады бір қуаныш.
Өміріңде көресің мың қуаныш,
Ойын емен, сен үшін сын қуаныш.
Қарабұлтын қайғының сейілте алсаң,
Жігерің мен қайратың шын қуаныш.





Пікір жазу