09.09.2022
  92


Автор: Ұлыхан Сұлтанқызы

Аспан

Аспан, аспан, шалқар аспан, кең аспан,
Тіршіліктің құтты анасы сен, аспан.
Ай қалықтап, жымыңдаса жұлдызың,
Таңырқаушы ем, қандай ғажап деп аспан.
Ғажап аспан бала кезден таныссың,
Бірақ, маған арманымдай алыссың.
Менің түпсіз қиялымдай қиырсыз,
Бар тарихқа куәгерсің, қалыссың.
Құшағыңа сыйып байтақ бар ғалам,
Уақыт ұзақ замандарға жалғаған.
Болсам-дағы жер бетінің бір қызы,
Қызығушы ем қыраныңа самғаған.
Ерте туып, қанатымды қақтым жәй,
Бұрын көңлім шалқымаған нақ мұндай.
Болат топшы Тянь-шаннан асырып,
Аспан сенде сейіл құрдым аққудай.


Сеніменен тілдесуші ед тау дәйім,
Бүгін онан биіктеді шаужайым.
Арманымды шалқарыңа сүңгітіп,
Тосшы, мамық бұлтыңа аунайын.





Пікір жазу