Депутат сөзі
Торлап еді көгімді кеше бұлт,
Бүгін бойды кернеді еселі үміт.
Шатырлаған шапалақ арасымен,
Келем ұлы мінбеге көтеріліп.
Қыран құстай қиянға шарықтаған,
Ауыр жүкті арқалап алып барам.
Өз тілегін тапсырып депутатқа,
Артқан шұғыл міндетті халық маған.
Халық нағыз данышпан - аңғарлы адам,
(Қапелімде екем ғой аңғармаған).
Қырық қадам шықпайтын мінбе жолы,
Сондықтан да сезілді заңғар маған.
Кез емес, бұл жол таппай аңтарылған,
Бар парасат осында ақтарылған.
Өз ісіне халқымыз өзі қожа,
Мінбе биік қашанда хан тағынан.
Болашағын сызамыз көрікті елдің,
(Уәдемді бұл жайлы беріктедім).
Миллиондардың тағдыры ойымызда,
Ермегі емес ешқашан еріккеннің.
Біз істейміз халықтың құлы болып,
Біз сөйлейміз халықтың тілі болып.
Елдің қамы болмаса, сенің қамың,
Жүргеніңнен не пайда тірі болып.
Кім қожаңдар желкеге мініп алып,
Өз басшысын сайлады ұлы халық.
Жарамдыны сайлаймыз қол көтеріп,
Жұрт жүрегін бұлжытпай біліп алып.
Ауыр міндет арта бер, сүйікті елім,
Тәрбиеңмен өзіңнің биіктедім.
Тұрғандай сөз сөйлеймін өр дауыспен,
Миллион жүрек кеудеме сиып менің