09.09.2022
  161


Автор: Райхан Ібінқызы

Тентегім

Тентегім-ау, тентегім,
Сен не деген ерке едің.
Айналыссам өзіңмен,
Болады ылғи келте күн.
Әкең сені тізгіндеп,
Шешең жөнге салады.
Қоя берсе еркіне,
Дейді қайда барады.
Олар саған тігілсе,
Түсе кетем араға.
– Жақсылық па мұныңыз?
Деп сұрайды балаға.
Сұрауына олардың,
Қайдан жауап табамын.
Дікектесе тағы да,
Тек аузымды жабамын.
Тентегім-ау, тентегім,
Тілің неткен жағымды.
Өз еркіме жібермей,
Баурап алдың жанымды.
Біле тұрып ісіңнің,
Дұрыс емес, бұрысын.
Деп жүрем бе кейін мен,
Шыжақтауым құрысын.
Екеуінің дегенін,
Жүрме әсте кек көріп.
Түсі суық болғанмен,
Тұрғаны жоқ жек көріп.


Ойлағаны болашақ,
Ойлағаны ертеңің.
Есейгенде есіңде,
Болсын осы, тентегім.





Пікір жазу