Бөрісоқпақ
Бөрісоқпақ
Іңр келсе жортады көкжал ойым,
Көкжал ойдың сұлбасын созған айым.
Қыр мен ойдың суырып соқпақтарын,
Тағы да тауға таман қозғалайын.
Соноооу тауда ұлиды көкбөрілер,
(Көкбөрілер Тәңірі көкте, білем.)
Түн бауырын түртемін тұмсығыммен,
Бәлкім, Тәңір иісі жеткені де?!
Ақпанның аңсай берем ақбасқынын,
Бұрқасында шашылар шақпас мұңым.
Бәлкім, ұлып, шақырып тұрған шығар,
Жан серігім болатын ақ қасқырым.
Сағынамын түндерді бөрі ұлыған,
Ұлымайды көкжалдар торығудан.
Көкпен жерді жалғайды ұлыған үн,
Бөрі үнінен үнемі соны ұғынам.
Бастаса белден белге бөрісоқпақ,
Басталар осы сәттен шегі шоқ сәт.
Түн тылсымын тағылар ұғынады,
Ұлиды нені күтіп, нені жоқтап?
Бөрісоқпақ жолменен тағы кетіп
барамын
Несібемді азық етіп,
Көкжиектен бұлдырап кетем асып,
Таң мен түннің арасын жарып өтіп.
21сәуір 2014 жыл