07.09.2022
  105


Автор: Ахат ӘШУҰЛЫ

Өлең

Бақыт та, азабым – тағы өлең жазамын,
Тырнаймын ауызын асқынған жараның.
Бабамның басына қойылған балбалға,
Қуара сүйенген қобыздың шанағын
Боздатып,
Боз іңген зарына саламын.
Елеңдеп ежелге құлағым,
Оқият осқыра орғиды пырағым.
Ғарыштың түбіне сүңгимін сәуледей,
Оқыстан шамданса шашылған шуағым,
Зеңгірде
Жасындай шарт етіп сынамын.
Көкжиек кемері күңіренген күдерім,
Киеді басына батар күн шүленін.
Белгісіз бағыттан бебеулеп бір әуен,
Белгісіз бір дауыл салады түренін.
Сосын мен
Тұңғиық түніме кіремін.
Тұңғиық түндерім тылсымат,
Жанымды жаншыйды жаһатсыз мың сұрақ,
Даланың жазамын жаралы ғазалын,
Ажалдың иісі тұрса да бұрқырап.


Шапқылап жүреді
Тамырда жылқы жыр шұрқырап.
Дауасыз дерттермен омлған,
Жауапсыз қоғамға қорына тоналған.
Артық-ау күйсіз бір күндерден,
Қара да бойы жоқ, қарда ізі.
Жалғыз дүр
Пырақтың соңынан жоғалған.
Бақыт та, азабым – тағы өлең жазамын,
Жырыммен жерұйық жамалын табамын.
Жыртылып шұлығым, тесілсін табаным,
Келгенше жазамын, ақ, адал ажалым.
Сол кезде түлетіп ұшырам жүректі,
Мәңгілік
Жыр оқып тұрады мазарым...



Тамыз 2013 ж.





Пікір жазу