Қараша жырлары
І
Не сыйлады бұл қараша күз маған,
Бұлт аунады омыраудай сыздаған.
Қырқаласам қырбақ жауған қырларды,
Табанымнан шұбатылған із қалар.
Не сыйладым, ей, қараша күз сен деп,
Босам ылғый қиялыма мұз теңдеп.
Ойымды үзбе деп сұраймын мен сенен,
Мойынымды оқияттан үзсең де.
Беу, қараша ізім қалар қырың бар,
Бұлақтар – ол мұзың жабар бұрымдар.
Соңғы қалған жапырақты сен үздің,
Мен де сенен үзіп алар жырым бар...
ІІ
Қараша соңы қар борап,
Басады барлық аптықты.
Тамыры бірге қарғалар,
Жерінде қалған нақ құтты.
Сауысқаным да сардарлар,
Арттырған тегі сақтықты.
Жыл құсы?
Кетіп қалды олар,
Жат жұрттан алған жаттықты.
Алып та кетті арбалап,
Дорбалап жиған шаттықты.
Қараш соңы, күз мыынау,
Құяды жанға зар, уыт.
Өксиді өңір мұз-қырау,
Ұйтқиды боран тағы ұлып.
Құлазып жатқан түз мынау,
Жатыр-ау құсын сағынып.
...Көңілімді босқа бұздым-ау,
Қайтемін босқа жабығып,
Өз мекенімде жүрмін-ау,
Қарғамен бірге тамырым…
қараша 2011ж.