Қыпшақтық қымыздың иісі
Іңірдің үрейлі ұсқынын,
Қабылдап мазасыз мас түннің мысқылын.
Сүңгідей салбырап суыққа төземін,
Аяздың Алтайы атасы жіберген үшкіріп,
Бұрқасын бораймын ысқырып.
Көретін көзіме күн тамған,
Қарашық қойнынан қомағай түн саулап.
Қанымды қапыда қасірет қырсаулап,
Мейрімсіз өмірдің мезгілі мұрсамды ап,
Ессіздеу елесім жүр самғап.
Жоғалттым өзімді,
Бар едім,
Ар үшін құрбанға шалындым, жан едім.
Ауасыз аймақта, айналам әңгек-ті,
Бір жұтым шындыққа зар едім.
Оу, өмір не қылған тар едің.
Ізедім өзімді ескі үннен,
Іздедім белестен кеш кірген.
Жұрттағы құрымнан елеусіз ескірген,
Жұтатын жиектен керуен көш кірген,
Іздедім өзімді....
Бұлан бір даланы кештім мен.
Түңілем,
Білмеймін межемді,
Мызғасам сабылып іздеймін ежелді.
Алыстан Алтайға... оралам...
...Қартайғам...
Қыпшақтық қымыздың иісі аңқып,
Жусаний жұтамын төңкере көзені...
ақпан 2011ж.