07.09.2022
  129


Автор: Ахат ӘШУҰЛЫ

Не дейін сірә, саған жаным-ау...

Не дейін сірә, саған жаным-ау,
Қасыңда жүріп таба алмадым-ау.
Кеудеме салған дертке айналды өртің,
Емі жоқ оның ғаламда мынау.
Іздедім көктен, жерден еркешім,
Әлде ғайыптағы елден бе екенсің?
Жалғаннан жалғыз шарқ ұрып сені,
Таба алмай жүрсем кеудемде екенсің.
Жасырынғансың жүрек түбіне,
(Сені де сол жер жүдетті білем.)
Жазым боп мен Жайығында жанның,
Жағада жыладың Жібек мұңыңмен.
Құмдарға сіңіп, мұңға батамын,
Сағым көтеріп шыңдарды асамын.
Жұлдыздан сенің жүзңді көріп,
Үніңді желден тыңдап жатамын.
Әзірге мейлі айыптар жалған,
Жеткізер бізді ғайыптағы арман.
Мен махаббатпын Қособада өлген,
Сен махаббатсың Жайықта қалған...



9 маусым 2008ж.





Пікір жазу