Ертіс қасіреті
(Толғау)
Қайран да менің Ертісім!
Анамдай болған аймақ ең,
«Құлын да ембес » жайлау ең.
Қасиетіңнің құтында,
Ақбұрқақ болған жұтыңда,
Қысыңда бие байлап ем.
Қаба сақал қарт Алтайдың,
Құдіреті асқақ қойнауы ең.
Ақсаң да тулап сан ғасыр,
Топырағыңды шаймап ең.
Желмая мінген ғаламда,
Түнеп бір сенің жағаңда,
Айтыпты Асанқайғы өлең.
Қайран да менің Ертісім!
Алтының көп еді құмыңнан,
Балығың көп еді шыбыннан.
Көруге сені ғашық боп,
Күн асар зорға шыңыңнан.
Бұлтың да сенің бұлт емес,
Жақұт-нұр еді құбылған.
Бораның соқса бұйдалы,
Керуен еді шұбырған.
Бесінде бедеу беліңнен,
Сары қурай тартып сыбызғы – ән.
Таңында жаздың шегіртке,
Жаңылмайтұғын шырылдан.
Сәресінде күздің сілкініп,
Құс қанатындағы суылдан.
Қысыңда маңғаз мамадай,
Ақ аязыңа жуынған.
Көктемде бүрін жаратын,
Ағаштарың да жығылған.
Жер едің мәңгі мәйекті,
Қана алмас ешкім сырыңнан.
Қытайлар буды бұғаулап,
Әкетті сүйреп бұрымнан.
Сыңғырлы бұлақ сырғаң да,
Құлағыңнан жырылған.
Далада жалың қырқылған,
Көк орман шашың жұланған.
Көк белдеріңе көміліп,
Өкпеңнен құбыр сұғылған.
Тас қабырғаға бас тіреп,
Шыға да жаздап шыбын жан,
Дөңбекшіп, тулап жатырсың,
Тыныс ала алмай сырылдан.
Қайран да менің Ертісім!
Далаңа у себілді,
Жағаңа қоқыс төгілді.
Алтының кетіп арнаңнан,
Тағаның лай-шөгінді.
Шарасын сенен шайқаған,
Дәрия-көлдер шегінді.
Азия атты алыптың,
Қабырғасы да сөгілді.
Қасіретіңнен бір сенің,
Солтүстік мұзды мұхиттың,
Мұз жасы еріп төгілді.
Қайран да менің Ертісім!
Бұлдырап жатыр сынық көк,
Басады түтін, бұлт жоқ.
Алтайдан кетті аң да ауып,
Өнбейді қаңбақ, сірік те.
Ағаштың ұшқан бүршігі,
Шықпайды қайта шыбық боп.
Бұлақтың көзі бітеліп,
Ақпайды мүлде тұнық боп.
Қайран да менің Ертісім,
Ласын жуғанша капырдың,
Қара жерге қайта сіңіп кет!!!
27 желтоқсан 2007ж.