07.09.2022
  129


Автор: Ахат ӘШУҰЛЫ

Жолсерігі бөріден, қоналқасы моладан...

Жолсерігі бөріден, қоналқасы моладан,
Жолаушымын, сұлбасын сағым, мұнар ораған.
Бағытымды белгілеп бәйітін айтып байғыздар,
Анда-санда бұлт сырып ай төбемнен қараған.
Мен асыққан пақырмын тұрағыма жетуге,
Басымда бар өмірім, (келген ол тек өтуге.)
Тоғанақ жыр теңдеп ап тартып барам жиекке,
Аптап күннің астында, қарлы боран өтінде.
Өз мұңым бар өзімде, кейімейді ешкім түк,
Жалғандығын білемін бұл жалғанның бес күндік.
Сұлбам құмнан созылып ұшып жатар аспанға,
Тұрар менің дауысым жартастардан естіліп.
Қырық құлаш тамырым, бойым бар тек тинамдай,
Тартсын мейлі тағдырым тұңғиыққа құйылардай.
Кетуге келген пақырдың жету ғана арманы,
Тәңірім мені шақырса аттанып кетем қиналмай.



1 тамыз 2007ж.





Пікір жазу