07.09.2022
  101


Автор: Ахат ӘШУҰЛЫ

Мен мәңгілік от едім

Жер иіскеген табанмен, көкті сүйген төбеммен,
Жарып өтіп қамалын тіршіліктің келем мен.
Мен мәңгілік шын доспын өлім менен өлеңмен,
Мен жалғанып жатамын шексіздікпен, тереңмен.
Шексіз, түпсіз ойым бар оқи алсаң жанардан,
Әр түгімнен әр жаққа ақық жырым таралған.
Жаһан кезген пақырмын қарашығы ағарған,
Жапан кезген тұлпармын қасаң қалмай тағамнан.
Мен дауылдың демімін тылсымдене көкке ұшқан,
Мен нажағай жарқылы күрсінгенде от құсқан.
Бұл басыма артымда өлім күткен көп мыстан,
Ақыр тілеп тұрады еш бағытта жоқ тұстан.
Итереді құздарға секундтарды сүйрелеп,
Мен көз жұмсам шайтандар жұртымды кеп билемек.
Тұрар менің өлеңім көк пен жерді түймелеп,
Мен мәңгілік от едім, көрдіңдер ме күйген от!!!



2 қаңтар 2007ж.





Пікір жазу