07.09.2022
88
Жұлдыз сіңіп ішіме
Сыра құям құлқынға,
Сары қымыз жоқ сапырар.
Сыбанбаймын білекті,
Жоқ болған соң Отырар.
Азан қалған ауылда,
Мазамды алған маңымда,
Зікір салған Софылар.
Сары далаға ұшырып,
Сағынышымды отырам.
Емінеді аспанға,
Ойымдағы шоқылар.
Мазар салған миыма,
Міңгірлеген міскіндер.
Кешіп жүрген күндерім,
Секілді бір түс кірген.
Омалудан өлеңнің,
Соқпағына түстім мен.
Тұнжырайды жанарым,
Жетім көлдей құсы жоқ.
Ей, құстарым болмаса,
Алабымнан ұшып өт.
Жанардан ыстық жас ағар,
«Жалағасын ішін от.»
Түн жеткенде тым-тырыс.
Жұлдыз сіңіп ішіме.
Көл ғұмырым көлбіреп,
Кірер құстың түсіне.
Мен солай бір тынудан,
Алапат боп тулаймын.
Менің булы лебіммен,
Бүр жарады қу қайың.
Сағыныштан ұзақ бір,
Құс оралып шулайды,
Мылтық атпайды ешкім де,
Құсымды енді қумайды...
10 желтоқсан 2006ж.