07.09.2022
  245


Автор: Ахат ӘШУҰЛЫ

Қалампыр шәй

Бір түйіншек тұрғандай тамағымда,
Бір сыздауық шыққанадай қабағыма.
Көз жасаурап, ашиды танауым да,
Дуылдайды екі бет, табаным да.
Жүрегім де кей сәтте аласұрып,
Жауырыннан шығады қара суық.
Дем де жиы келеді көкірекке,
Күрсінемін басқадан ауа шығып.
Не дерт емес, болды бұл сұрақ мүлде,
Шерімді айтам апыр-ау жылап кімге?
Ду қаладан баса алмай жан жарамды,
Аулылыма бет қойдым бір-ақ күнде.
Достарыммен бөлісіп тамам сырды,
Еске, ойхой, түсіріп балаң күнді!
Бір-ақ күнде айықтым бар салмақтан,
Шайын ішіп Апамның қалампырлы.



9 қыркүйек 2005ж.





Пікір жазу