07.09.2022
98
Тентектік көрсетпейтін бүлініп құр...
Тентектік көрсетпейтін бүлініп құр,
Бөрі көңіл ойыңды ұлып ұқтыр.
Жал басында жалғыз тал қарағайға,
Ай пақыр аяғынан ілініп тұр.
Қарағай жарбияды жарғанаттай,
Тыныштық...
Қалған маңнан аң да жортпай.
Мен де тұрмын қалқиып қос құлағым,
Ай кеудеме қадалып қалған оқтай.
Сонау шатқал қараңғы... түн ызғырық,
Естіледі байғыздың үні үздігіп.
Тамыздың салқын түні, дене мұздап,
Ішімді жатыр өмір мұңы мұжып.
Бұлдырайды тым алыс мұңлық далам,
Соған қарап кейде мен ұлып та алам.
Ай да кетті, жамылып таң мұнарын,
Жалдан асып орманға сіңіп барам.
10 тамыз 2005ж.