Түнгі әуен
Абылайшадан жүгіріп шықшы құрбыжан,
Жапан далаға жайыпты шашын түн қолаң.
Ай да жүгіріп келеді қырдың үстінде,
Кезікші соған сырыңмен барып сұңғылам.
...Жүгіріп кеттің,
Уақыт өтті бір мұнша,
Артыңнан бардым, құшақтап айды тұрдың сәл.
Сағыныш саумал самалын жұтып қырдың сал,
Шашыңды орап мойныңа тұрсың сұмбылша.
Сыңсыдың әлде салдың да мұңлы бір әнге,
Ұласып кетті, ұнасып кетті қыр әнмен.
Бір сәтте қалай?..
Ай ұшып кетті аспанға,
Алдыңда қалды тек қана бұлдыр, шұбар дөң.
Шұбар дөң тұрды, шұбарлап сенің көз алдың,
Бұл әнмен сырлы мұң арбап үнің сен қалдың.
Естідім сонда ең алғаш рет мен ғана,
Құдіретіменен қырқалай ұшқан сол әнді.
Қайталап айтшы!
Қайтадан соны тыңдайын,
Тыңдатшы маған тудырған әнді мұңлы айым.
Жалғаған жанды жапанда жалғыз жарыққа,
Үзілсе үнің бәрінен қалам тұлдайын...