07.09.2022
  103


Автор: Ермұрат Зейіпхан

ДІЛМҰРАТҚА

«Вәтан сүйі» тым ашты,
Сергітті ме хас жігіт?!»
Маған келіп сыр аштың,
Көкірегіңдегі тас жібіп:
– Елден бұрын – ел болып,
Ереуіл атқа қонғанбыз.
Басқыншыға ең долы,
Ажал найза жанғанбыз.
Құрыды қанша тайпалар,
Ойсыз, отпен ойнаған?!
Ел қалды жатқан айқара,
Қасиетін жоймаған.
Ел-жер деген еңіреп,
Қанша ханша, сұлтанның:
Басы жатқан төңірек,
Маңы – Қашқар, Тұрпанның.
Қапастағы бөрі мен,
Жүрегі шерге ысталған.
Белгілі таңба, мөртімен,
Мұра Моғолстаннан.
Арыға мойын бұрмағын,
Бүгінге зер сал, бауырлар:
Хақ жолының құрбаны,
Жүрек қанша ауырған?!
Жүргендер оқтың өтінде,
Ап жатқанда теңдігін.
Қараусыз қалған жетімдей,
Қинайды екен ел мұңы.
Өздеріңдей, осылай...
Арманы – Садыр, Жұпардың:
Мендағы мүмкін, досым-ай,
Шаттанып шарап жұтармын.
Толғанды әттең ақ арман,
Ашылар ма үміт бар!
Тарымда кілті жоғалған,
Такламакан құлыптар...





Пікір жазу