07.09.2022
  123


Автор: Ермұрат Зейіпхан

Көктөбе көлбеңдейді...

Көктөбе көлбеңдейді,
Көк мұнар өңмеңдейді.
Алматы көнген дейді,
Талайды көрген дейді.
Көктөбе – құмартады,
Көңілді бұзар тағы.
Алматы мұнартады,
Арқаға мұң артады.
Көктөбе, қар қымтанған,
Басыңа бардым таңнан.
Үн келді Алатаудан –
Күрсініп қалдың, тарлан...
Көктөбе, құрағыңа
Бір қыз кеп құлады ма?!
Қамығып жылады ма?!
Төзімің шыдады ма?!
Көктөбе, көкейімнен
Кетпедің, жетейін мен.
Қу тірлік кекей ыммен,
Тартады-ей, етегімнен.
Көктөбе, көкке жерік,
Сен жайлы көп не делік...
Сені асып кеткен елік,
Біздегі кепке жеріп.





Пікір жазу