07.09.2022
  133


Автор: Ермұрат Зейіпхан

141-БӨЛМЕ, 1996-97 жыл.

Түн ұзақ, жарым көңіл көншіген бе,
Өзегіңді жаулап өрт өршігенде.
Қарлығаштың қанаты желпігендей
Оралады ойыма көрші бөлме.
Таныспаппыз біз әлі, ай, жыл өтсе де,
Бұла жүрек іздесіп, жүдетсе де.
Тапқаныңнан көп болып жоғалтқаның,
Күдікпенен қарайды күн өпсе де.
Біліспеппіз, жанға сол бататын жай,
Күйкі тірлік көсілтпес матап ыңғай.
Менің таңым тұншығып ататын да,
Көрші бөлме күрсініп жататындай.
Жалғыз, жалғыз, көп жалғыз кең мекенде,
Қысқа ғұмыр жетпессің тербетерге.
Есім ауып жанынан мен өтемін,
Есік жауып, жабырқап ол кетерде.





Пікір жазу