07.09.2022
  125


Автор: Ермұрат Зейіпхан

Жан ләззәтім деп...

І
Жан ләззәтім деп,
Азап арқалаттым ба екем?!
Әлі де сәби Жүрегіңді тулатып,
Ұйқысыз бір түнде-ақ марқалаттым ба екем.
Тамыр-тамырыңды улатып.
Қандауыр кірпігің,
Айқасудан тайсап,
Не іздеді екен
Безірейген төбеден?
Мүмкін – оң, мүмкін – басқандай жаңсақ.
Үрейден бетер үдірейген керегең.
Жұқа жамылғы
Жұлынып түсті ме?
Солқылдақ төсек –
Түзмысықтай мауығып,
Зілмауыр түн бүгіліп үстіңе,
Бүркеді жынын,
Жаншиды жауығып.
Сезіп жатырмын,
Серпілерге халсыз...
Жан ширығады көкірегімді төпелеп.
Дейсің-ау, енді –
«Жандырарға барсыз,
Ал, қандырарға,
Жетсеңіз еді-ау, төтелеп?!.»
ІІ
Ләззәтті түн, күніменен
Ес, еркіңді алды ма?
Тіліңнен мен тілімменен,
Жұтамын у, балды да.
Кербез, керім келбет – құмар,
Сүйсе жанды суырар.
Шөлдеп тұрар, кел деп тұрар,
Қылық-құлық құнығар.
Ләззәт үшін тартсаң азап,
Өзі-ақ тозақ шеттейді.
Жар қойныңда жатсаң ғажап,
Жұмақ та оған жетпейді.
Қалам алдым, қалман үнсіз,
Шабыт оты жанды өзі-ақ.
Сен деп жазған жыр да армансыз,
Ән де армансыз – жан Ләззат!
ІІІ
Қара түннің қойнында мен,
Қара қыз менің қойнымда.
Тағдырымның ойынында мен
Ойнына оның тойдым ба?!
Қара түнде қара киінген,
Қара қыз сенен адаспан.
Қарайды бір дара күймен,
Қара аспан, жұлдыз бар аспан.
Қас ұйқы да ғалам, байғыз...
Хас шолпан тұр көз арбап.
Қара терге қамалмай біз,
Қара әлем қалай бозармақ.





Пікір жазу