07.09.2022
135
ДЕПРЕССИЯ
Сағыныш жоқ.
Жоқ сезім.
Сабылыс та.
Сәттер ғайып,
Аңсаған, алып-ұшқан.
Селт етпейтін қорқамын кескінімнен,
Жүректегі қорқамын жарылыстан.
Арман ғайып.
Нәп-нәзік үмітім де,
Жапырақтай кезім бұл үгітілген.
Мезгілдердің жоқ ешбір айырмасы,
Жоқ айырма, сәт, минут, күні, түннен.
Мейірімге мұқтаждау мезеттердің,
Өкінішін келді ме тез өткергім.
Қанат бітіп, еш жаққа ұша алмайтын,
Тоты құсқа тапанша кезеп көрдім.
Безіне алмас өзінен, тағдырынан,
Бейшара құс шырылдап, салды бір ән.
Күнге ұқсайтын көзімнен шуақ іздеп,
Бұлт астында өксиді жан шұғылам.
Тапқым келіп ең ізгі сәттерімді,
Парақтаймын күнтізбе, дәптерімді.
Күнбатыс пен Күншығыс арасындай,
Қайда апарып жасырам әттеңімді?