БІР ӨЛЕҢ-БІР ӘЛЕМ
Бір өлең болса, бір әлем,
Бұл әлем-менің әлемім!
Жазсам деп жүрек бұлқынған, жанымның тартқан
әлегін.
Шарқ ұрған шақта шабытым, шамымнан үнсіз иіскеп,
Құмардан шығып сүюге, танытқан және әдебін.
Бұл әлем-менің әлемім!
Қасиет сұмдық бар мұнда,
Қадірін қайта ұқтырар, қаперсіз атқан таңның да.
Құдірет өзі дарытқан киесі барда бойында,
Тәуекел етіп ене алмас, тәубесіз болса хан мұнда.
Өлеңнің ұлы өлкесін,
Өмірлік мекен етсем деп,
Ар менен азап жолында, адамдық терді төксем деп,
Пендеге сынақ бүгіні, бес күндік бейуақ өмірде,
Мың адам барып, паналар миуалы терек ексем деп.
Алқындым, бірде талпындым,
Бүршігін жарды бір шыбық,
Өркенін жайып өсуге, өлкеден тұр ма, қымсынып?
Табанын тіреп ұлылар, ұлағат еткен бұл мекен,
Ұғынар ма екен, ұрпағын, мінәжат еткен ұмсынып.
Ақындық ауыр дерт кейде, айықпас білем, ауырған,
Жүректі, жанды тілгілеп, тас болып түсер бауырдан.
Тілдескің келіп, қауыммен, дос тұтып дүние дидарын,
Көгенкөз көндей көңілің, жақындық іздер, жауыңнан.
Сол әлем болса, бұл өлең,
Жанымның тартқан азабы,
Жалынсыз сүрген жай күннен, жүректі жыр кеп жазады.
Тербетсе дағы толқыны, тасынбас теңіз сынды ол,
Тереңнен ғана табылар, ғаламды тартқан ғажабы.