07.09.2022
  130


Автор: Толқын Қабылша

БІЗДІҢ ҒҰМЫР ҒАЖАЙЫП!

Күн секілді күліп келген әлемге
Көздерінде сәулесі бар Ғаламның.
Құдіретті сыйлап Тәңір әйелге,
Тұнық етті тамшысындай жанардың.
Ғажайыпқа бөлеу үшін Жер бетін
Бәлкім, солай, өзгешелеу туылдық.
Түн қойнында тал бесікті тербетіп,
Таңсәріде таң шығына жуындық.
Біздің ғұмыр өзгешелеу, расында.
Мейірім ғой, кеудеміздің дүрсілі,
Ана болсақ, айналамыз Асылға,
Бойымызда Жаратқанның тылсымы.
Жүзімізде жаутаң қағып ізгі үміт
Бақытты ету үшін мына Жалғанды,
Өшпесін деп жан-тәнімде Ізгілік
Біздер кейде тәрк етеміз Арманды.
Солай, солай…
Біздер жұмбақ қауымбыз,
Күлкісімен көздің жасын жасырған.
Бәлкім, біздер, Көктем сүйген Жауынбыз.
Сағынышы жазмышына бас ұрған.
Үмітінің нәзік жібін үзбеген
Шын ынтызар бола алмайтын, сенбесе.
Әр күн сайын, тек жақсылық іздеген
Біздің ғұмыр ғажайып қой, Ендеше!





Комментарии

Абзал
Абзал 08.09.2022 18:00
Осы өлеңіңізді әнші Роза Әлқожаның орындауында тыңдап жүрміз! Ерекше мағыналы жыр!

Пікір жазу