Бұл өмір...
Бұл өмір...
Тұрады екен белдерден, қыраттардан,
Армандардан, аңсатқан мұраттардан,
Тосылатын сан қилы сұрақтардан,
Қимастығы қол бұлғап, жырақтардан,
Құрбылар бар, бұл жолда жылап қалған.
Бұл өмір...
Қуанышын ұсынып, шаттығын да.
Батырып ап, жүректі тәтті мұңға,
Бақыт болып, басыңды айналдырар.
Басылмаған сәттерде аптығың да,
Нендей сыр бар құрбым-ау, тапшы мұнда?
Сәлден соң,
Жауар бұлттай түнеріп қас-қабағы,
Селт еткізіп, сынағы басталады.
Қайғысының татқан да ащы дәмін,
Базына айтып, баз кешер басқа бағы.
Ғұмыр солай, кімдерді жасқамады?
Менің жаным осыдан жасқанады.
Жасқанады, жанардан жас тамады.
Аласарып армандар асқаралы,
Шыңырауға кімдерді тастамады.
Талауратқан тағдырдың тас қамалы.
Беу, өмір!
Талай сыр бар тербеткен құндағыңда,
Тосының да көп, сенің жұмбағың да,
Бәлкім, сенің, мұңыңды жырладым ба?
Ізі қалған сазды ауыл қырларында.
Шаттығымды байқатпай ұрладың ба?
Сағыныш көп, сондықтан жырларымда,
Сағыныш көп, сондықтан жырларымда...