07.09.2022
115
СҮЙГЕНМІН
Жырақтан сыр шерткенде,
жаның үнсіз,
Кезім жоқ күн кешпеген сағынусыз.
Демеймін, сүймегендер шын бақытты,
Білерім, сүймегеннің бәрі мұңсыз.
Сүйгенмін.
Жұмбақ емес.
Анық бәрі.
Жүрегім ізгі арманнан жалықпады.
От болып өртенбей-ақ құштарлықтан,
Құшаққа құламай-ақ талып тағы.
Ұнаттым.
Үнсіздікті. Ұлы үмітті.
Сенімнің желбіреуші ед туы мықты.
Сен мені ұнаттың ба,
ұққаным жоқ,
Мендегі сүйдің бе әлде жылылықты?
Бір бақыт күтетіндей жырақта анық.
Мен емес,
жүрек саған сыр ақтарып.
Сен құшпаған жаныммен ағыл-тегіл,
(Көз ілетін түндер-ай, жылап барып…)
Ал бүгін.
Соның бәрі сірә, АҢЫЗ.
Сүйгенім – хақ.
Қалғанын сұрамаңыз.
Мені емес, іңкәрлігін жасырмаған,
Өлеңім ғой, тек соны
кінәлаңыз!