07.09.2022
  108


Автор: Толқын Қабылша

ҚОҢЫР ДОС

(Қалқаман Саринге)
Қасат қарлы қаңтар еді. Біздің ай.
Қимастығын күн көзінен жасырған.
Күрсінетін шығарып сап күзді оңай,
Қоңыр мұңның аптығы да басылған.
Өзі сүйген өлкесін кеп жастанып,
Өмір өтер,
жауған мына қар құсап.
Өткен күнге өкпе артуға жасқанып,
Өн бойында ғұмыр кешіп арлы шақ.
Қарды құшып, туылсақ та қаңтарда,
Көңіліне қырау тұнбас,
аңғалмыз.
Қыңырлығын қыр астына қаңтарған,
Қыс емес-ау,
көктемге ұқсап қалғанбыз.
Қыс келбетін,
сүйеміз бе, шүбәсіз?
Қаңтар келсе, толқимыз біз,
себепсіз.
Қар секілді болмасаң да кінәсіз.
Қоңыр досым,
сіз, бәрінен бөлексіз.





Пікір жазу