07.09.2022
  100


Автор: Толқын Қабылша

АҚЫЛҒА ҚАЙТІП СИЯМЫН?

Ақын болсам деп сөзі нық.
Ақиқатымнан безініп,
Алағай мынау ғұмырда,
Аласұрумен көз іліп…
Ах ұрып мен де үлгердім,
Алғаусыз күлген күндердің,
Алдамшы мұңын сезініп.
Аңсарды құшып қиялым,
Алып-ұшқанда күй ағын.
Алаулап бір от кеудемде,
Арманға шексіз сенгенде,
Адалдығыммен, арыммен,
Аңғалдау мынау жаныммен,
Айналам толы аярлық,
Ақылға қайтіп сиямын?
Аласартсам деп бағыңды,
Аңдып бағатын халіңді,
Адуындардың ішінде,
Астаң да кестең пішінде.
Алмағайыптау күн кешкен,
Алламен үнсіз тілдескен,
Адастырмадым жанымды.
Аңқасы кепкен сезіммен,
Аңсары алыс төзіммен,
Адырна шертіп отырмын,
Ащы мұң тамып көзімнен,
Ақшаңқан көңіл мұңайды,
Асқақтау жаным жылайды,
Ақиқат іздеп өзімнен.





Пікір жазу