07.09.2022
93
ӨЗЕГІМДЕ, ӨМІР СЕНІҢ ОТ ДЕМІҢ...
Тағдыр куә, тарам-тарам жолыма.
Ғұмырыма өлең болып өрілген
Сан сүрлеуді қалдырып ап соңына.
Сан сынақты жеңген,
бірде жеңілген.
Құзар шыңда Күнді құшып көгімнен,
Құлатпадым, құлазыған арманды.
Жүректерден мейірім боп төгілгем,
Жылай сүйіп,
мына опасыз жалғанды.
Жазмышымды жарығыммен жылытып,
Жаратқаннан шуақ тостым,
танбадым.
Жалғандығын жардың, бақтың ұмытып,
Сарсаң қылған сан үмітті жалғадым.
Өзге арманның қалмағандай құны түк,
Өлең болды, ең аяулы серігім.
Өлермен сыр от-көңілді суытып,
Өгей достан, байлық, бақтан жерідім.
Өзім ғана көтере алар салмағын,
Тағдырымның теперішін сөкпедім.
Өлеңімде ғұмырымның бар мәні,
Өзегімде өмір сенің от демің.