07.09.2022
  111


Автор: Толқын Қабылша

«РҰҚСАТ БЕР!»

Жүректің жазықсыз дүрсілінен,
Қимастық кернеген күрсінуден.
Арманға асыққан таңдарымнан,
Көктемнің алғашқы бүршігінен,
Жанымның нәп-нәзік бөлшегінен,
Ғұмырдың мазмұнды өлшемінен,
Еліткен тәп-тәтті ертеңімнен,
Ең тұнық бұлақтан ерте күлген,
Бақтағы бұлбұлдың үндерінен,
Сағыныш кернеген түндерімнен,
Көңілдің жайқалған гүлдерінен,
Жыр десте өріп берейінші, жаным!
Көктегі кербез ай сәлемінен,
Кеудемнің тек сендік әлемінен,
Үнсіздік құшатын үмітімнен,
Жапырақ мұңдардан үгітілген,
Жанардың тұп-тұнық қарашығынан,
Ақ таңның ең мөлдір таза шығынан,
Өлеңдей ең жақын жанашырымнан,
Өмір боп туатын жаңа жырымнан,
Гүл десте тағып берейінші, жаным!
Күз болып қауышқан сағыныштардан,
Жүректе туатын жарылыстардан,
Күн бейнем жүзіңе шағылысқанда,
Ақ қанат арманым алып-ұшқанда,
Кей-кейде тым батыл көзсіз мұңымның,
Еріндер сыбырлап ессіз күбірін,
Жыр болып түсіңде өбейінші, жаным!
Рұқсат бер!





Пікір жазу