07.09.2022
  187


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

КӨЛЕҢКЕ АДАМ немесе жаралы таң

Өлкеде мынау өткіздім бастан қанша күн!..
Мұхиттың шуын тыңдаудан әбден шаршадым...
Ұлан да-ғайыр қиырсыз дала төсінде,
Қой жайып тұрып,
Салатын әнді аңсадым!
Маңғаз таулардың басынан бұлыт аунаған,
Атамыз киген елтірі тымақ аумаған!
Аядай ғана аралда тұрып армандап,
Сағындым сені,
Шексіз де-шетсіз сар далам!..
Тауында бұлт –
Даламда құлан ойнаған.
Баса алмай бойдан алаулап жанған қызуын,
Теңізге сүңгіп,
Жоғалды көзден қызыл күн...
Сол кеште арал...
Самала шамын жақпады,
ХИРОСИМАНЫҢ жапқандай еді жүзін мұң...
Абыр да сабыр қалғандай тоқтап тіршілік!
Жағаны құшып,
Көк теңіз жатты күрсініп.
Қара түн...
Маңай!
Қап-қара адам қаптаған,
Тамыздың түні –
өлкеде мынау тым суық!..
суықтан денем дірілеп кетті түршігіп...
2.
Алтыншы тамыз...
Алыста қалған бала күн...
Құлаған мектеп...
Гулейді желі даланың!
Қара тақтаға «Хиросима» – деп, сөз жазып,
Мұғалім ағай бастаған алғаш сабағын.
«ХИРОСИМА» не?
Ауыл ма,
әлде қала ма?
Ол жағы әзір көмескі ұстаз ағаға...
«Жазықсыз елге –
АҚШ кеп атом тастаған...»,
(АҚШ-дегені отпен ойнаған бала ма?..)
– Қанша адам өлген?
– Қаншасы болған жаралы?..
Балалар шулап,
Бұршақтай сауал жауады...
Соғыстан келген кәнтөжін ағай ұқпапты,
Өз естуінше:
«ЕКІ ЖҮЗ ЕЛУ ШАМАЛЫ...».
Үнсіздік сәті...
Сауалдан біз де тоқталдық!
Əйтеубір сол күн...
Сабақтан болды бостандық!..
Кинодан көрген солдатқа ұқсап,
бір минут –
«Екі жүз елу» шамалы жанды еске алдық...
***
Алтыншы тамыз!..
Алыста қалған бала күн...
Қырық жыл бойы –
Қаралы болған қаланың,
Көшесін кезіп,
АҚШ-ты еске аламын!
Опат боп кеткен:
«Екі жүз елу мың!»...
Адамның,
Туыстарымен теңізге кетіп барамын...
3.
Тұңғиық аспан...
Аспандап үйлер шағала!
Шағала құстар –
Шаңқылдап ұшып жағада.
Аудан оралған балықшылардың алдынан,
Базарлық сұрай –
Жүгіре шыққан бала ма?
Мұхиттың беті ұялған қыздай нұрланып,
Фудзиямадан күн шықты, әне, ұрланып!
Аралдың шеті көгілдір орман сыңсыған,
Көшеде бала сатады газет зыр қағып...
Шулы қаланы –
Маймылдар үнсіз тұр бағып...
Ана бір адам –
Газетті таңғы алды да,
Отырды барып,
Мәрмәр сарайдың алдына.
Оқиды нені?
Өкімет жазған қаулы ма?..
«Хоккайдо», әлде...
«Хонсю» жері сілкініп,
Əлде бір жерге –
жанартау оты жауды ма?
Ол дағы емес!..
Күйкі тірлік те баяғы!
Банкрот болған –
Байбатша заут жабады.
Мыңдаған адам –
Жұмыссыз тағы қалады!
(Нан тауып жеудің өзі де мұң боп барады).
Немесе,тіпті,
Канденін іздеп жоғалған,
Үйінде жатып,
Жарнама берген тоқ адам...
Арақ ішпейтін,
Шылым шекпейтін жар іздеп,
Сұрау сап жүрген –
Бикештер шығар қоғамнан...
Не десін мейлі!..
Сол күнгі газет жазбаған,
СУЫҚ ХАБАРДЫ –
Сезген жоқ мүлде ТАҢҒЫ АДАМ!
ВАШИНГТОНДА –
Жаңа қаруды талдаған,
АҚ ҮЙДЕГІЛЕР –
Атар нысана таңдаған!
Ойында түк жоқ...
Оқиды газет ТАҢҒЫ АДАМ...
4.
Білмегем мен де –
Қасірет таңын сондағы!
Баурына басып,
Алғашқы атом БОМБАНЫ!..
НАГАСАКИ мен ХИРОСИМАНЫ бетке алып,
Аспан төрінде қара самолет самғады.
Тітіреп мұхит...
Құлағы тұнып гүрілден,
Алай да-дүлей –
Толқыны тулап бүлінген.
Əлемді жаулап алардай болып азанда,
АҚ ҮЙДЕН шықты талтаңдай басып ТРУМЭН!
Əлемді билеу...
Қияли жанға арман да!..
Адамзат мейман опасыз мынау жалғанға.
ЖҰМЫР ЖЕР – ҮЙІҢ!
Соңыңнан келер ҰРПАҚТЫҢ,
Тұратын ҮЙІН өртемей кетсең қарғай ма?
Өртенген жерге...
Қызғалдақ қайта көктей ме,
Сәуірдің бұлыты өксіп кеп жасын төккенде?
Береме жауап...
ҚАРА БЕТ болып кеткендер,
Күн шығыс жақтан күлімдеп келген
КӨКТЕМГЕ?
МЕЙЛІ ҒОЙ, ТІПТІ...
Артпайық кінә өлгенге!
Жауыздар қанша,
ЖЕР басып жүрген көр кеуде?
Не бетпен қарар фашистік дәргер – Менгеле,
Соғыстан қалған жандарға әлі шерменде?
Не бетпен қарар!?
Жауқазын жауған көк белге,
Аспаннан күліп,
АЛТЫН КҮН сәуле төккенде,
Қасірет жебе жүрекке сусып жеткенде...
АНАНЫҢ ШƏШІ –
Ағарып ерте кеткенде?..
Қасірет өңі...
Болады дейді қаралы!
Сондықтан жесірҚараны басқа салады!..
ЕЖЕЛДЕН ХАЛҚЫМ –
Тұлпарын тұлдап өлгеннің,
Қалған ұрпағы артынан шырақ жағады!
ҚАРАЛЫ ҮЙГЕ –
ҚАРА ТУ тіккен қазалы...
Қырық жыл өтті...
ХИРОСИМА әлі азалы!..
Батыстан ХАТЫНЬ –
ҚАРА ҚОҢЫРАУ қағады...
ҚАРА ЖЕР жатыр қылтанақ өспей жаралы,
ЖАРАЛЫ ЖЕРДІҢ –
Жарасын кімдер жазады?
АТОМНЫҢ дерті...
Қуалап тұқым бара ма?
Құбыжық болып,
Туады әлі бала да!..
Қорегін іздеп,
Теңізді жүрген жағалап,
Ауру-дейді,аспанда ұшқан шағала...
Қырық жыл бойы –
Қаланың мынау қаралы,
Мыс қоңырауы –
Азалы дабыл қағады!
Тұлданған түнде,
Тұлдырсыз жетім-жесірлер,
Туғанын іздеп теңізге кетіп барады...
Түнеріп жатқан теңізге халық ағылды!..
Бетіне судың мыңдаған шырақ жағылды.
Өлі жандарды еске алу шығар тәрізі,
Теңіздің беті қып-қызыл отты жамылды...
Немесе отпен аластау шығар жауызды!
Немесе тіпті,
ТАМҰҚТА жатқан марқұмға,
Ағайын-жұрты жіберіп жатқан тарту ма?
Аңырап жатқан айнала айдай тақыр ма,
Ол жақтың күні –
Арктикадан салқын ба?
Мыңдаған шырақ...
Миллион шырақ...
Самсаған!
Алапат АТОМ ...
Құрбаны болды қанша жан!?
Бақилық жандар өз ошағының отына,
Жылынсын дей ме –
Ол дүниеден аңсаған?
Жылынар бәлкім!..
Мәз-мәйрам болып шаттанып,
Жеткізсе теңіз –
Аманат жаққан отты алып!
Жарық ғаламда:
Күйген, сүйгенін ойға алып,
Ұмытпай жүрген абзал жарларын еске алып!
5.
Алғашқы көрген жат елдің салты таң маған!
Шырақ жаққаныБейне Қазақтан аумаған!
Ол жақта ма екен,
Бұл жақта ма екен кім білсін
Алтыншы тамызда газт оқыған таңғы адам?
Сонау бір сұрақ –
Сабырды бойдан тауысты!
Іздедім мен де қиялда жүрген танысты...
Өзі жоқ мұнда...
Газет оқыған сүлдесі,
Мәрмәр діңгекке көлеңке болып қалыпты!..
Талай қызық бар...
әлемде,тіпті, кей-кейде!
Болмайтын жайлар кей кезде түске енбей ме?
Ояау кезіңде ойға симайтын іс көрсең,
Көзіңе сенбей,
Жынданып кеткің келмей ме?!
Далада туып,
Еркелеп өскен шыңдарға!
Қалай айтамын:
Ағайын,
Жекжат,
Туғанға?
«Бәленнің ұлы әр шөптің басын бір шалып,
Оқу соқты боп,миы ашыпты!», – деп шулай ма?
Көлеңке адам!..
Айнала түнек қара түн...
ХИРОСИМАНЫҢ ҚАЙҒЫСЫ ЖАЙДЫ ҚАНАТЫН!
Алапат атом жарылған кезде тас балқып,
Ал АДАМ болса,
Сол тасқа сіңген болатын!
Көлеңке АДАМ қарайды маған мұңданып,
ФУДЗИЯМАДАН күн шығып келеді нұрланып!
Алтыншы тамыз!..
Жым-жырт боп жатқан қаланы,
Ағаш басынан маймылдар үнсіз тұр бағып!..
Көшеде бала сатады газет зыр қағып...
Жылжымай жылдар...
Сағаттың тілі сынғандай!
Аспан да,
Жер де –
Көгілдір нілмен жуғандай!
Көлеңке АДАМ!
Мәрмәр діңгекке сүйеніп,
Жарық ғаламды қия алмай әлі тұрғандай...
Қаралы ғасыр керуені жерден көшеді!
Атомның дерті!
Соғыстың өрті!
өшеді!
Қырық жыл бойы қасірет шеккен аралда,
Қайғының атын білмейтін ұрпақ өседі!
АЛҒАШҚЫ АТОМ!
Бомбасын жарған аралға...
Трумэн атын есіне ұрпақ алар ма?
КӨЛЕҢКЕ АДАМ...
Қол жайып тұрды көшеде,
Мұңая қарап,
Теңізден қайтқан адамға!..
Қаралы шырақ...
Қара мұхитқа кетті ағып!
Армандай алыс –
Көкжиек жақты бетке алып...
АТОМНАН өлген...
«ЕКІ ЖҮЗ ЕЛУ МЫҢ» адамды,
Жағада тұрмын үнсіз де, түнсіз еске алып!





Пікір жазу