Поэмалар ✍️
ОТ АДАМ
Барар едім қарт Қырымға тағы да,
Кипарисі көкке өрлеген шағында!
Толқындары құлын-тайдай тебісіп,
Қара теңіз тебіренген шағында.
Ару қыздай сыланғанда Ай-Тодор,
Құлағына айдан сырға тағына...
Барар едім қарт Қырымға тағы да!
Тағы барсам...
Талай сырға қанар ем!
Өткен күнді еске қайта алар ем.
Бестеректе батыр Мұса ауылы,
Мазарына тәу етуге барар ем.
Мың тоғыз жүз жетпіс тоғыз көктемі,
Сол көктемнен жас ақынды табар ем.
Сол бір көктем!...
Елес қайта тірілді!
Өткен өмір көкжиегі түрілді.
Жолбасшымыз орыстың жас әйелі,
Шықтық бір күн аралауға Қырымды.
Сүйін – ноғай .
Қасымдағы сыр ашар,
Одан өзге түсінбейді тілімді...
Тіл білмеген,
Дым білмеген...
Тым жақсы!..
Дым білмеске ештеңе жоқ қымбатты.
Осы жылы менің АНА тілімде,
Кәрі Қырым...
Алғашқы рет тіл қатты!
Бақшасарай,
Ақмешіт...пен,
Бестерек...
Дәл осындай жерде өзіміз өскен ек.
Атажұртты қорғау үшін ер керек!
Жер атауын сақтау үшін –
ЕС керек!!!
Таулар жатыр...
Үнсіз-түнсіз гөзел көк!
Үнсіздіктен талай сырды сезем көп.
Орыс әйел жеткенінше шамасы,
Қырым жайлы айтып жатыр өзеуреп...
Таулар жатыр...
Үнсіз-түнсіз гөзел көк.
Мен сенбегем...
Сүйін-ноғай сенбеген.
Шындық деген –
Бір көргенің көзбенен!
Қырым жерін қазақ,ноғай жайлаған,
Сүйін көрген!
Ал мен болсам көрмегем...
Қара жерге –
Бір жығылып бір тұрған,
Бала едім...
Соғыс жылы мен деген.
Отан – Ана шырағы едім қолында!
Үміті едім!
Өз елімнің сөнбеген!
Қарт Қырым мен Қазақ елі арасы,
Атпен жүрсең –
Айлық жер ғой шамасы...
Сол өлкеде – кіндік кесіп,
Кір жуған,
Жас Мұсаның атасы мен анасы.
Батысқа ұзап,
Ұлы ұрыстың қырғыны,
Аждаһа – ажал...
Өз ініне сырғыды.
Аттың жалын тартып қалған Мұсаның,
Құлағында зеңбіректің тұрды үні.
Фашист салған өрттен есін жия алмай,
Дір-дір етіп,
Тұрды алаулап қыр гүлі.
Жетім-жесір жасын сүртіп болмай-ақ,
Келді ауылға...
Тағы қайғы бір күні!
Келді қайғы...
Келген жоқ ол басқадан!
Келген жоқ ол қара жерден,
Аспаннан.
Қайғы келді!..
Қызыл жұлдыз тағынған,
Əскерлерден компартия басқарған.
Қайғы келді!..
Кремлде көсемнен...
Ай аманда өз жұртымен хас болған.
Дәл сол күні ет жүрегі Мұсаның,
Жібімейтін жұдырықтай тас болған...
Жас бола ма,
Тас бола ма ол жайлы?
Темір әскер білмейді екен ойлауды.
«Көсем» халқын қорға десе,
Қорғайды...
«Көсем» халқын –
Қорла десе қорлайды!
Əскерлердің ойлар миы болмайды...
НКВД жаналғышы қаптаған,
Қаптап келіп Қырым жерін таптаған.
Кеше ғана басып кірген фашист те,
Дәл бұларша өз Отанын шаппаған.
Кремлден күліп тұрып күн көсем,
Өз еліне қанды жорық бастаған.
Сол жорықтан қайран Қырым татары,
Өрт тигендей сиреп қалған қатары...
Көзім жұмсам...
Қызыл вагон тізіліп,
Қиялымда шұбап бара жатады.
Еңкейген қарт,
Қызылқарын жас бала,
Сол вагонда шулап бара жатады.
Кіндік кескен қайран Қырым даласы!
Қара теңіз тұл қап бара жатады...
«Ай – Петри» шыңдарына қол бұлғап,
Бала Мұса жылап бара жатады.
Қызыл вагон...
Қызыл түрме көшпелі!
Қаншама жыл жер бетінен көшкелі?!
Өлді Ежов,
Галащекин,
Берия...
Көсемнің де аты қашан өшкелі!
Қара теңіз...
Қырық жылдай күрсініп,
Қараң қалғанҚырым қырық көктеді!
***
БҮГІНДЕ...
Соның ойға алып тұрсаң бәрі ұмыт...
Орыс қатын дауысы әбден қарлығып,
Татар жерін тартып алған көсемге:
«Қырымдағы риза – деп – барлық ұлт!»,
Өз тілінде сөйлеп жатыр өңештеп,
Тау күледі...
Күңгір-күңгір жаңғырып.
Мұса сонда келе жатты Қырымға,
Менің туған сар даламнан қаңғырып...
***
Қаңғиды адам...
Туған жерін сүйгеннен!
Қаңғиды адам...
Қуғын көріп күйгеннен.
ҚАЗАҚ ЖЕРІ...
Қаптап жүрген қаңғыбас!..
Көре-көре етім өліп үйренгем..
Кейбіреуі жайласып ап төріме,
Шалқасынан жатып алған кіргеннен.
«Қайдан жүрген мұжықсың?», – деп айтуға,
Тіл бармайтын Сталинді «сүйгеннен...».
Көп еді ғой онда біздің үйге енген...
КАРЛАГ,
ГУЛАК,
АЛЖИР,
СТЕПЛАГТАР...
Жердің жүзін –
Қамасаң да –
Түрмең кең...
ҚАЗАҚСТАН –
Сондай еді «гүлденген!..»
ҚАЙРАН, ОТАН!..
СЕН ДЕ ҚАЛЫП САНАТТАН...
Ұлдарыңа талай төнген қара аспан!
Қара тауда хас тұлпарын батырлар,
Қалың жауға шабу үшін жаратқан.
Менің далам:
Көне тулақ,
Көн тулақ...
Жырымдалған талай «иттен» таласқан!..
Сол даланың қырып тастап қыз-ұлын,
Кенелтпек боп,
«Могилевтің» мұжығын,
Ұлы Сталин жендеттерін жіберіп,
Надандардың алдыртыпты тізімін.
Ерназаров Елтай атты төраға,
Хат танымай жүргізіпті хұзірін.
Ғұламасы,
Ақындары түрмеде...
Тыңдай берсең тарихтың қызығын!..
Қызық жай көп...
Онда біздей балаға!
Қараңғы үйде әлсіз шырақ жана ма?!
Көбелектер жапалқтай жалпылдап,
Айналаңда албасты ойнақ сала ма?
Тығыламын бауырына әжемнің,
Тығылғанмен шыбын жаның қала ма?!
«Ұйқта ұлым!», – деп,
әжем ертек бастайтын,
Жел жылай ма...
бөрі ұли ма далада?..
– Сонау көне заманда,
Дін мұсылман аманда!
Қойы өрген өрістен,
Қозы теріп далаңда...
Қалың Қазақ ырысы,
Шалқып тұрған шағы екен,
Ғұламасы ел сөзін,
Айтып тұрған шағы екен!
Батырлары қылышын,
Қайрап тұрған шағы екен.
Асқарлы тау, кең далаң,
Күн астында Күнекей –
Жайнап тұрған шағы екен!
Күндерден-күн өткенде...
Жазда ма, әлде көктемде?
Сол далаңа қайғы енді!..
Əлде дю, әлде жын?..
алмақшы боп бар жерін,
Қолдан аштық жасаған!
Қолтығына су бүркіп,
Сатқындарға тасадан...
Əкесіне баласын,
Айдап салған күн болған!
Бір-біріне қазақты –
Қайрап салған күн болған...
Абақтыға ерлерін –
Байлап салған күн болған.
Аға-інісі бір-бірін –
Ғайбаттаған күн болған.
Бұлбұлдарын Қазақтың,
Сайратпаған күн болған...
Қолындағы бар малын,
Айдап алған деседі,
Жын-шайтандар даланы,
Жайлап алған деседі.
Атырау мен Алтайдың –
Арасында қырылып,
Ашыққан ел сүйегі,
Жайрап қалған деседі.
Босқан елге ере алмай,
Əр төбенің басында,
Бір жығылып,
Бір тұрып,
Қарындастың жанары,
Жайнап қалған деседі.
– Əже, – деймін әжетай!..
Дюлар мен жындарға,
Елін сатқан сұмдарға,
Алдаспанын суырып,
Батырлары бармас па?
Құламерген, Ер Тарғын...
Шеттерінен марқасқа!..
Елдің кегін алмас па?
Жаудың қолы жағаға,
Қапылста жармасса,
Қобыланды бабамыз,
Сиынбай ма алмасқа?
– Ұйықта қозым!..
Ұйқтай ғой...
Ертек әлі біткен жоқ.
Кең даласын қазақтың,
Торып жүрген тағылар:
Бөрі түгіл...
Иттен көп!
Сенің әкең Отанын,
«Қорғаймын!» – деп,
Кетті ғой...
Орманына орыстың.
Тыныш жатқан жұрттарға,
Пәшіс колы кепті ғой...
Талай қыршын қиылып,
Талай қанды төкті ғой.
Бұл Қазақтың өмірі,
Өмір емес, тепкі ғой!..
Сенің бабаң Байшәріп,
Еңіреген ер еді,
Ереуіл атқа ер салып,
Қоржынына жем салып,
Тарбығатай тауында,
Қарғыбаның сайында,
Емен найза салысып,
Ит қалмақпен алысып,
Көп қытаймен қағысып,
Боз тұлпары астында,
Ұшқан құспен жарысып...
Отан қорғап өтті ғой!
Жаудың қанын төкті ғой...
Пәшістердің ұлыты –
Еміс дей ме, не дейді!
Қырып салған сияқты,
Бала-шаға...
Көп елді.
Арғы жағы жоқ есте,
Қалғып бара жатамын...
Өң айналды елеске,
Тәтті ұйқыға батамын...
«Жалын құйрық ат мініп,
Ат құйрығын шарт түйіп.
Қол алдында қасқиып,
Отан үшін бас қиып,
Абылайлап!
Айқайлап,
Орда шауып жүремін.
Қабанбайдай «Қубаспен»,
Қолға шауып жүремін...
Тебінгіден тер ағып,
Құйысқаннан қан ағып,
Қорамсаққа қол салып,
Бір салғанда мол салып,
Жебе тартып толғанып,
Топқа кіріп жүремін.
Кендебайдай құла атпен,
Отқа кіріп жүремін!..
Бала түсі бұлдырық құс емемс пе?
Əжем сөзі айналды ертек елеске.
Біздің ауыл –
Қарғыбаның бойында,
Азғана ауыл отыратын белесте.
Дала боран...
Қызылшұнақ үскірік!
Ашылмайды күннің көзі түксиіп.
Төр алдында асық ойнап отырмын,
Əжем жатыр төсегінде бүкшиіп...
Дәл осындай дауылды түн бірінде,
есік қағып...
дәті бармай кіруге,
Неміс әйел балаларын шұбыртып.
Тайғанақтап үйге кірген сүріне.
Төсегінен тұрып әжем қалбаңдап,
Немістерді қалай қарсы алғанды айт!
Келгендей боп төркіндері тіріліп,
Шәйін қойып,
Күтіп жатыр жалбаңдап...
«Байқұстар-ай!
Қалыпты-ау деп – үсуге!..»,
Балалардың үстіне әжем түсуде.
Маған бермей сақтап жүрген женітін,
Неміс біткен шәйға салып ішуде...
Бір бұрышта мен отырмын шоқиып,
Қызғаныштың мысығы еніп ішіме...
Қызғанасың!..
Қызғанбасқа қал қайда...
Əкем жаумен шайқасып жүр шалғайда.
Əжем болса...
Сақтап жүрген бар дәмін,
Дастарқанға төгіп жатса жауларға...
Қызғанасың!..
Қызғанбасқа қал қайда!
Осындайда:
Күйе ме ішің, күймей ме?
Намысыңа тие ме,
әлде, тимей ме?
Ұйықтап қаппын тамам неміс ішінде,
Өн бойымды ашу-ыза билеумен...
Боран тынған...
Ұйқым қанық,
Күн ашық...
Бала біткен сыртта ойнап жүр шуласып.
Неміс әйел Гертруда әжеммен,
Шәй ішуде,
Сөйлесуде ымдасып.
Дәл сол күні ашығын-ай аспанның,
Қайран бастан балалығым қашқан күн!
Өзім тылда...
Əкем алыс майданда,
Немістермен мен де соғыс бастадым!
Кім біліпті...
Бойымызда күш қанша?
Балада да –
Кек болады ұстанса!
Ганспенен біраз менен ересек,
Төбелестім құмарымнан шыққанша!..
Босағадан мен қараймын сығалап,
Неміс болса...
Уанды аздап жылап ап.
Əжем болса...
Сабауын ап қолына,
Үйді айналып жүрді мені қуалап...
***
Кім келмепті...
Кім кетпепті даладан?..
ТҰЛПАР УАҚЫТ –
Ағып өтті арадан.
Сталиннің қуғынына ұшырап,
Босып кеткен сияқты ғой бар адам...
Атадан ұл –
Қыз айрылып анадан!
Бала күнгі әжем айтқан сан аңыз:
Аңыз емес,
Шындыққа оны санаңыз.
Үш миллион аштан өлген Қазақты,
Қайғырғанмен енді қайдан табамыз!?
Қызыл жендет жалаңдатып қылышын,
Қолдан аштық жасады екен кім үшін?
Бес миллион қазақ қаңғып жүр әлі,
Жат жерлердің сығалаумен бұрышын...
Келді азаттық ата-бабам аңсаған,
Мұңаймаймыз...
Мұңның күні құрысын!
Етек-жеңді жинайтұғын күн келді!
Қара түнек ыдырады...
Күн жеңді!
АБЫЛАЙДЫҢ –
АҚ ТУЫНЫҢ астына,
ШЕТТЕГІ ЖҰРТ!
ҰЛЫ КӨШТІ бұр бері!!!
Шешендер де Отанына қайтуда!
Қазақтарға неміс: «Хошын!» айтуда.
Ал енді бір келімсектер ҚАЗАҚТЫҢ,
КЕҢ ДАЛАСЫН –
Жан-жағынан тартуда!
Мүләйімсіп,
Момақансып үйге енген!
Тойынған соң...
Талтақтайтын күйге енген.
«Достық» – деген тәтті сөзді қалқан ғып,
Отаршының келетінін білгем мен!
Көзімдегі жайдың отын жасырып,
Əртістерше –
Жүз құбылып күлгем мен.
СЕМЕЙІМЕ –
Қырық жылдай қырғын сап,
АТОМ БОМБА –
Жарды ма екен сүйгеннен!?
Онда біздің...
Көп еді ғой үйге енген!
ИƏ, АРУАҚ!
ИМПЕРИЯ құлады!..
«Құлады!», – деп,
ҚУАНҒАН ЕЛ жылады.
Бойымызға пұттап кірген ауыру –
Кетерінде мысқалдаумен шығады.
Жер қозғалса –
Қозғалмайтын қазағым,
Келіп қалды сілкінетін уағы...
Жалтақ әкім,
Жалпақ көсем орнына,
Хан-Абылай, Ер-Қабанбай туады!
***
ИМПЕРИЯ!..
Неткен сұсты түр-түсі!
Көзің жұмсаң –
Келмейді адам ұйқысы...
Албастыдай елесі әлі төніп тұр,
Кейбір елді басып қалып кірпіші...
Жеті басты жалмауыз жан берерде,
Қара жердің қақырайды қыртысы...
Содан ба екен...
Тауларым тұр түнеріп?
Жырламайды туған дала бір құсы...
Менің дағы күйі қашып жырымның,
Талай рет қарауылға іліндім.
СОКП-ні қойғаннан соң мақтамай,
Үйірімнен құландай боп қуылдым...
Қуа-қуа АЗАТТЫҚҚА іліндім!
АТА ЖҰРТҚА –
Аттың басын тіреген,
Үй сап жатыр Татарлары Қырымның...
Үй сап жатыр Татарлардың ұрпағы!
Баяғыдай Қырым көктеп тұр тағы!..
Бүгін салған баспанасын...
Кеш болса,
«Түн ұлдары!»...
Ұрланып кеп құртады!
Не болмаса,
Көптігіне мақтанып,
Көз алдында трактормен жыртады...
Бәз баяғы билеп алған сананы,
Отаршылдық бас көтерер сан әлі.
Жақсылықтың жылытады жанары,
Жамандықтың орнында дақ қалады!..
Келімсекпен керілдесіп татарлар,
Ара-тұра төбелесіп алады...
Содан кейін құлаған үй орнына,
Бұрынғыдан –
Салтанатты үй салады.
Содан кейін...
Жинап қатын баланы,
Туған жерге!
Ақсарбас қой шалады!..
Өлгендерге құран оқып, бет сипап,
Ақсақалдар Мұсаны еске алады!
***
Мұса қайда?..
Бестеректе баяғы...
Қабірінде гүл алақан жаяды!
Ұйықтап жатыр...
Туған жердің төсінде,
Тербетеді кипаристер саялы!
Ел бүлініп,
Кент күйреп,
Қараң қап...
Боз тұманнан күн шыға алмай алаулап,
ҚЫЗЫЛ ВАГОН –
ҚЫЗЫЛ ТҮРМЕ көшпелі!
Қазақстан даласына аялдап,
Төгіп кеткен шал-шауқанды,баланы...
Құлазыған қу даланың төсінде,
Əлі есінде...
Шұбырған жұрт жаяулап,
Дәмі біткен...
Шықпай түрме ішінен,
Аштық,
Аяз!..
Аяқ-қолы үсінген...
Көзін жұмды:
Аяулы АНА,сәбилер!..
Қариялар белде қалды күші кем...
Аман қалған үйлі-жаннан ормандай,
Орман өртенсе...
өскіні болар сор маңдай!
Өсті Мұса –
ҰЛЫ ҚАЗАҚ жерінде,
ОТАНЫНАН –
ТІРІ АЙРЫЛҒАН СОРМАҢДАЙ!..
Тілі де бір,
Діні де бір ДАЛАҒА,
Сіңер еді...
Бір ұлы боп қорланбай!
Қасіреттің –
Төгіп өткен жаңбырын,
Ұмыта алмай өксік қысқан қалды күн!
Санасыздар ұмытқалы не заман!..
Жер бетінде...
ТУҒАН АУЛЫ барлығын!
Күтті ҚЫРЫМ!
Көк желегі желбіреп,
«Оралар», – деп,
Алыстағы заңды ұлын!
Жауқазындар гүлін ерте шашқанда,
Қыс қаһары –
Кең даладан қашқанда,
Мұса келді жыл құсымен ілесіп,
Қарлығаштар ұя салып жатқанда!
Сай-саладан ағыл-тегіл қар еріп,
Нажағайы жарқ-жұрқ етіп аспанда.
Күңіреніп Қара теңіз оянып,
Сабыр таппай сабасынан асқанда!
Туған аулы –
«Бестерек тұр баяғы...
Кипаристер күнге құшақ жаяды.
Сәмбі талдай сусап келген жас жігіт,
Бас сүйеуге туған жерге саялы.
Туған-туыс қарсы алатын қамалап,
Мұндай кезде –
Болмағаны жаман-ақ!..
Өзі өскен туған үйдің ауласын,
Күзетіп жүр барақ төбет абалап...
Өріп жүрген жатбауыр жұрт ішінен,
Іш бұратын туыс таппай «ағалап!»,
«Бестеректің» кезді Мұса көшесін,
Ұзақты күн үнсіз-түнсіз аралап!
Аралады ...
Құмары әбден қанғанша!
Аралады...
Жоқ іздеген жандарша.
Қан майданда жандай досын жоғалтқан,
Хас тұлпары оққа ұшқан Сардарша...
Еске түсіп,
Бала күні шуақты...
Бозбаланың жүрегінен күй ақты.
Адыра қап,
Өзі жоқта «Бестерек»,
Қаңғыбастар бауыр басқан сияқты...
Қыс кетсе де –
Кетпейтұғын сүрі қар,
Биік таудың бұлыңына тығылар.
Үптеп болып,
Үй ішінен түк таппай,
Кетуші еді...
Келген ізбен ұрылар!
Таскенедей жабысып ап Қырымға,
Басқыншылар айрылмайтын түрі бар!
Мұса тұрды...
Жанарынан жас тамып,
Нәр татпастанАуызына ас та алып,
Туған жердің жамылып ап аспанын,
Ұйықтап кетті...
Қолдорбасын жастанып.
Дәл сол күні!
Отан үшін бас тіккен,
Ұлы жорық кеткен еді басталып!
Жүз құбылып,
Тауысқандай тағатты!
Сырлы өлкенің сібірлеген таңы атты.
«Ай-Петри» аспанында жас қыран,
Ұзақ ұшты...
Сирек қағып қанатты.
Қара жердің тірлігімен ісі жоқ,
Тәкәпар ғып оны Тәңірім жаратты!
Ораза ашып,
Жалғаған соң жүрегін,
Түріп Мұса таңмен ерте білегін,
Ата-баба аруағына сиынып,
Қара жерге қадап еді күрегін...
«Мынау татар!..
Кеткен бе деп-жынданып!?»,
Қашасынан қарайды орыс ұрланып...
Мұса болса,
Үй сап жатты, қырман сап,
Өз әлінше еңбек етіп тырбанып.
Елі болса,
Жиылмас па «Асарға!»,
«Жас өрімді қосайық! – деп қатарға...».
Келді қаптап қызыл погон таққандар!
Ұрықсатсыз үй сап жатқан татарға.
Қызыл погон...
Ықтыжарды ұққан ба-ай!
Елеурейді –
Ессіз тауға шыққандай.
Басқыншылар келемеждеп қалды артта,
Ауылынан кісенделіп шыққанда!..
Ес білгелі –
Естімеген бұл деген,
Мен де ол кезде –
Ондай жайды білмегем.
Мұса солай...
«Туған жерге келем», – деп,
Ақырында бірақ шықты түрмеден.
Түрме...
Лагерь...
әлде,тіпті,абақты!
Абақтыда –
Талай,талай таң атты!
Жас Мұсаның әлпештеген ақ құсын,
Отаршылар торға алғаш қамапты...
Тәтті қиял...
Еркіндік пен Азат күн!
Арыстан боп туа алмасаң,
Мазақсың...
Қайда барсаң –
Қаптап кеткен абақты...
Абақты екен!
Кең даласы Қазақтың!
КАРЛАГ,
АЛЖИР!
Қалай еді тағы да?..
ҚАЗАҚТАРДЫҢ –
Тиген талай-бағына...
Қаптап кеткен «Халық жауы» қапаста!
«Күн көсемді» мақтап жатты жабыла...
Соның бәрін Мұса алғаш ұғынды...
Ұғынды да бетін жаспен жуынды.
Жалын шашып,
От боп тұрған жүрегі.
Мұзға салған алдаспандай суынды!
***
Кең даланың сан жарқылдап жасыны,
Талай дауыл,
Талай нөсер басылды.
«Көсем өлді!..»,
Көзін жұмды мәңгіге,
КарЛаг-тардың қақпалары ашылды.
Көсем өлді...
Тас тұғырдан құлады!
Құлайтұғын келген шығар уағы...
Азан айтып азынады зауыттар,
Аза салып,
Кеңес халқы жылады!
Құлаудың да –
Болады екен құлауы!
Жылаудың да –
Болады екен жылауы.
Мұса болса,
Қуанғаннан жылады!
Енді бірі –
Қорыққаннан жылады!
Қанды қолдар!..
Қолын қайда жуады?
Жылап тұрып,
Жеңіне қол тығады...
***
«Туған жерді енді қайтып берер – деп,
Жаратқаным көз жасымды көрер!» – деп,
«Бестерекке» Мұса тартты бел буып,
Ойға түсіп,
Қыр қырқалап, бел өрлеп.
Абақтының алба-жұлба киімі,
Көлеңкесі қайыршыдай көлеңдеп...
Аз жүрді ме...
Көп жүрді ме қаңғырып,
Шәркейіне қара жолдан шаң жұғып,
Отанына жеткені рас Мұсаның,
«Бестеректің» мұжықтарын таң қылып!
Жер қопарып,
Таған қойып,
Тас қалап,
Үй салмақшы...
Жаңа тірлік бастамақ!
Бәз баяғы қара төбет арсылдап,
Бәз баяғы:
Қызыл пагон...
Мелиса!
Балшық беті мелш етпейтін тасқабақ!
Тағы ұстады!
Аяқ-қолын байлады.
Отанынан этаппенен айдады!
Жаяу-жалпы қуып салып Қырымнан,
Жау жеңгендей –
Көңілдерін жайлады.
***
Мың тоғыз жүз жетпіс сегіз жылында,
Мен де барғам –
Мұса барған Қырымға!
Ал, ол болса,
Ақ самайлы егде адам,
Өзім болсам,
Жас жігітпін ұрынба.
Ал мен болсам,
Дем алуға аз-ақ күн,
Ялтаға келіп жүрген Қазақпын.
Татар Мұса –
Отанынан айрылған,
Бастан кешкен тауқыметін азаптың.
Мен Мұсаны –
Мұса мені білмейтін,
Білмеген соң,
Өзге отына күймейсің!
Білсем егер...
«Түбіміз бір Түркі», деп,
Жандармыз ғой –
Бірін-бірі іздейтін.
Бермейтінін еш рұқсат тұруға,
Білген жан ғой...
Оның сырын бұрын да.
Əйелі мен қос баласын жетелеп,
үшінші рет –
Мұса келді Қырымға!
Бұл недеген... өлмес үміт, Жаратқан!..
ИМПЕРИЯҮстен төнген қара аспан!
Қара аспанда –
Қара бұлт ішінде,
Бағдарынан ай мен жұлдыз адасқан!
Мұса көрген –
Жалғыз құқай осы ма?
Сәбилерін ұйықтатқан соң қосына,
Жас жұбайы –
Зылихамен екеуі,
Кірпіш құйып,
Жатыр еді қосыла...
Қашан хабар жеткіді екен,
Қай хаюан?
Қызыл қалпақ қылтияды сай-сайдан...
Аудан жаққа соққан шығар телефон:
«Бұзық татар келіпті – деп айдаудан!»,
Мұса тұрды күрегіне сұйеніп,
Неде болса,
Бір іске бел байланған!
Содан кейін...
Жан дауыспен ақырғы,
Сүйген жарын,
Балаларын шақырды.
«Отан үшін!
Ерлер оқтан қайтпаған,
Сол ерлерше-мен де тіктім басымды!
Қос құлыным!..
Хош қосағым!
Жылама!
Жау алдында көрсетпеңдер жасыңды!
Мен өлермін!
Отан мәңгі!
Ар мәңгі!
Отан үшін...
Көрдім басқа салғанды!
Артқа тепсе,
Қыңқ етпейтін құл ғана,
Қайдан білсін...
Қарны тойса-арманды?!
Он жасымда жүрегіме кек тастап,
Кек жолында –
Бар ғұмырым өтті асқақ!
«Бестеректе» мен жатайын сағынып,
Сендер орал туған жерге көш бастап!
Батыр ұрпақ –
Баба жолын жалғайды!
Қырым жерін –
Жұртым қайта жайлайды.
Жалмай берсе,
Жалмауыз да жарылар!
Олар мені мәңгіге ұстай алмайды!
РУХЫМ менің –
Азаттықтан жаралған,
АЗАТТЫҚҚА ерлер басын байлайды!
Отаны жоқ...
Отаршыға күн туса,
Торғай құрлы тығылар жер қалмайды».
Даяр тұрған жермайды алып қасында,
Шашты Мұса:
Киіміне, басына.
Өзіне-өзі лап еткізіп өрт қойды,
Жаулар таяп қалған сәтте қасына.
Күн құлады қызыл шоқтай жотадан,
Жер күрсінді!..
Жан жүйесі босаған.
«Бестерекке» сәуле шашып биіктен,
Жалын болып, жанып тұрды ОТ АДАМ!