ҚАРА ТЕҢІЗ ҚАРУЫТЫП ЖАТҚАНДА...
(Сəбит Досановқа)
Қара теңіз қарауытып жатқанда,
Дариядай сезіміміз тасқанда...
Жыр оқыдым,
Құралайды сағынып!
Өзім мұнда –
Қиялым жүр аспанда...
Қара теңіз –
Қарауытып жатқанда...
Ақын Сәбит...
Таусылғандай тағатың,
Таң алдында жырың қақты қанатын!
Екеуміз де –
Құралайды сағындық...
Екі ару да...
Алматыда болатын.
Жүрегіміз...
Махаббатқа тұншығып,
Мұңға батып,
Теңіз жатты күрсініп...
Бозторғайлар –
Махаббатты мадақтап,
Бір ғажайып күйін тартты тіршілік.
Жүрегіміз махаббатқа тұншығып!..
Дархан, Сәбе!
Сен де оқыдың өлеңді.
Кітабыңды ашып тастап көлемді.
Елеске елтіп,
Есеңгіреп тұрмын мен...
Пері қыздар...
Судан шығып келеді!..
Пері қыздар...
Сылаң қағып жалаңаш!
Қарасы да...
Торысы да аралас!
Ақ сазанның бауырындай жарқылдап,
Судан шыққан...
Сұлулар-ай, қара шәш!
Пері қыздар сылаң қағып жалаңаш...
Қара шәштан маржан су – су төгіліп,
Күлкісінен күміс алқа өріліп...
Бектер мінген бедеулердей бұлықсып,
Жаға жайға...
Жата кетті керіліп!
Қара шәштан –
Маржан су – су төгіліп...
Өтті, Сәбе, басымыздан...
Тылсым күн!
Бақыттан да тәтті екен ғой –
Шіркін мұң!
Пері қызға қарап тұрып жалаңаш...
«Құралайға жетпейді!», – деп күрсіндің...
«Жетпейді!..», – деп, өзім дағы күрсіндім...