БЕРДІБЕК ІНІМЕ
(Шығыс Қазақстан обылысының əкімі Бердібек Сапарбаевқа)
Көне-көне, көне күн...
Қиялымды қамшылап,
Көне күннің соқпағын,
Ой көзімен көремін.
Астындағы тұлпары,
Түз желіндей аңқылдап,
Қолындағы алдаспан,
Туған айдай жарқылдап.
Бабаларым өткен жол.
Нардың белі қайысып,
Түйелері шөккен жол.
Бабаларым өткен жол!
Ту түбінде тұрысып,
Жекпе-жекке шығысып,
Жау көрмесе жеті күн,
Көк желкесі құрысып,
Арыстандай ақырып,
Қарт бурадай бақырып...
Жағаласқан жауының,
Қанын судай сапырып,
Менің бабам Құлтегін,
Алтай таудан асырып,
Соңына ерген сарбазы,
Күннің көзін жасырып,
Отан қорғап – өткен жол!
Толағайдың тауына,
Туын тіккен Тоныкөк!
Соңнан келер ұрпағым,
Есіне алсын мені –деп.
Көне-көне, көне күн...
Көне күннің соңынан,
Желмаядай желемін!..
Туы бар ел көгерген,
Ер соңынан ел ерген!
Туды қорғап, ер өлген...
Қорқыныштан ез өлген!
Жаны тәтті хан өлген...
Ту түбіне тұра алмай,
Алпыстағы шал өлген.
Бесігінде бала өлген.
Жерін қорғап қара өлген.
Өз жастығын ала өлген.
Көк найзасын сала өлген...
Тәуке ханның көк туы,
Абылайдың ақ туы.
Қаракерей Қабанбай,
Қабанбайдың бас туы!
Желкілдеп кіріп дұшпанға,
Желбіреп қайтқан деседі.
***
Мәшібекұлы Бердібек,
Əкім болып келгелі:
Айы туып Алтайдың,
Күні шығып Шығыстың,
Тірілгендей өлгені...
Менің туған ауылым –
Ақсуатты сел алып,
Басындағы шатырын,
Ебіден соққан жел алып...
Қысылғанда ел алып,
Етігімен су кешіп,
Жүргенін де көргенмін!
Қазақ – Қазақ болғалы,
Қолға АЗАТТЫҚ қонғалы...
Бердібек әкім келгелі,
Жанғандай болды сөнгені!
Өскеменнің төрінен,
Алтынды мешіт салдырған.
Халқына бата берсін – деп,
Алтайдың аспан тауынан,
Көк байрақты көрсін – деп,
Ана тұрған Семейден,
«Ұлы Абайды» алдырған.
Күллі әлемді таң қылған.
Бердібек әкім осындай!
Қазақтың қара баласы,
Жасы үлкен данасы,
Ұйықтасын – деп шошынбай,
Қубас тұлпар астында,
Дуылғасы басында,
Найзасы ұқсап жасынға,
Тарбығатай төрінде,
Ақсуаттың жерінде,
Ер Қабанбай сардарды,
Мүсіндеткен Бердібек!
Қорғап тұрсын жерді – деп!
Есім хан салған ескі жол,
Қасым хан салған, –
«Қасқа жол»,
Тәукенің «Жеті жарғысы...»
Қазақ үшін тақта жол!
Бердібек жолы – жаңа жол.
Азаттық жолы – дара жол!
Бердібек жолы осындай!