06.09.2022
  104


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

АЖАЛ АТЫ – «НЬЮ ДЖЕРСИ»

І-ТАРАУ
Тып-тыныш түнде түнерсе мұхит қабағы,
Маяктің көзі –
Бағжиып ұзақ жанады...
Белгісіз алыс елдерді бетке ап кемелер,
Толқынды тіліп,
Тұманға сүңгіп барады...
Өрекпіп толқын...
өкіріп ойнақ сала ма?
Теңіздің желі –
Кемені допша қаға ма?
Əлде бір ару...
көгілдір шексіз айдынға
Мұңая қарап,
Күтеді кімді жағада?..
Мұхиттың суы –
жасындай көздің дәмі ащы...
Беймезгіл түнде –
жанымда бір ой таласты.
Зеңбіректері үңие қарап ғаламға...
Қай жерде жүрсің,
«Нью-Джерси» қарақшы?
«Нью-Джерси!»,
Кәдімгі кеме ол дағы...
Тынық Мұхиттың –
Тынышын алған көкжалы!
Толтыра тиеп,
Торпедалар мен бомбаны,
Бейбіт елдерге –
АҚШ-тың салған жанжалы!
ІІ-ТАРАУ
Баламын онда...
Сұмдықты білмес,
Жаны ізгі.
Вьетнам жері –
Қып-қызыл отты жамылды.
Жағаға келіп,
Сен атқан оқтың біреуі –
Жүргенде ойнап,
Жүрекке келіп жарылды...
Алтын күн мәңгі!
Ақ қалпақ киген тау мәңгі!
Мәңгілік солай...
Бір шөкім күл боп қалған-ды...
Мектепте тұрған көне глобус айланды,
Менің де басым айланды...
Жылжыды жылдар...
Елес боп ол да болды ұмыт!
Жендететтер қашты!
Жазықсыз қанға қол жуып...
Ливан жері –
Жамылды қара қайғыдан,
Бейруттың ашық –
Аспанын торлап,
Толды бұлт.
Қиялмен солай –
Жер шарын шарлап жөнелгем!
«Фашизм тірі!»
– десе егер біреу сенер ем...
Америкадан шығатын жүзіп кемемен,
Ажалдың атын –
«Нью-Джерси!» – дегем мен!
«Нью-Джерси!»,
Жеттің бе жүзіп тағы да?
Араптың жері –
Қансырап жатқан шағында!
Израилдің темір табаны таптаған,
Ыңырсып жатыр:
Шатила менен Сабра!
Қарғалар ғанаҰғады сырын қарғаның...
Қарғалар бұзды...
Бұлбұлдың тәтті таңғы әнін!
«Азаттық» жайлы өтірік ұран көтеріп,
«Нью-Джерси» –
Тағы да бағзы салды әнін...
Азаттық қайда?
Адамдық қайда?
Сүйдірген!
Анамның әппақ сүтімен бойға бір кірген!
Жаңғыртып тұрып,
Жұлдызсыз Шығыс аспанын,
Қап қара түнде –
Қарқылдап тұрып күлдім мен!..
Күлдім-ай келіп...
Ішегім әбден қатқанша!
Əлемде мына күлкілі жайлар көп қанша!..
Фашизм дағы –
«Демократия» – деп даурыққан,
БУХЕНВАЛЬДТА –
Адамды отқа жаққанша!
Отырдым солай...
Қайдағы болмас ойды ойлап...
Басымнан ұшып,
Кеткендей болып сайран бақ!
Қай жерде жүрсің,
«Нью-Джерси» қарақшы...
Тынық Мұхиттың –
Тынышын алып ойрандап?
Тұманды түннен өкірді кеме ойбайлап...





Пікір жазу