06.09.2022
  96


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

БОМБАҒА АЙНАЛҒАН ҚЫЗ

І- ТАРАУ
Шайхана іші қапырық...
Жаз аптабы!
Шөлдің күні –
Таң атпай азаптады.
Сәлдесінің ұшымен көзін сүртіп,
Əңгіме айтты кемсеңдеп араб шалы.
«Палестина мекенім, әу бастағы,
Мекенімді көп заман жау баспады!
Күнге күйіп...
Бәдауи егін екті,
Қынабында шаң басты алдаспанды.
Соғысты кім тілейді...
Жын қақпаса!
Не дауа ...
Баста бағың бұлғақтаса!?
Қасірет –
Кеудеңдегі қара тұман,
Тұманың сейіле ме,
Мұңды айтпаса?
Үй толы шуылдаған қара бала...
Шалжиып жататұғын шама бар ма?
Ұлтарақтай жеріме егін ектім:
Ерте тұрып,
Кеш жатып ала жазда.
Түн түсіп,
Күн қызылы тарағанда,
Бел жазып, маңайыма қарағанда...
Шығыс жақтан андыздап келе жатты...
Көктің үзін қалқалап қара қарға!
Сәт сайын дала төсін түн жабады!..
Күлмейді көкте жұлдыз...
Мұңданады.
Жердің жүзі гүрілге толып кетті...
Қарғалар...
Қарауытып ұлғаяды!..
Бетегелі белеңде ауыл жатты!
Арсы-гүрсі қара түн дабыл қақты.
Қарғалар..
Көк аспаннан ажал сеуіп,
Ысқырып жерге бомба жауып жатты!
Өлді ауыл!..
Күлі қалды қарасынға...
Батқандай қара түндей –
Қара суға!
Үйім жоқ...
Үңірейіп орны жатыр!
Мен қалдым –
Аспан мен Жер арасында...
Сенделіп,
Сең соққандай ұзақ тұрдым.
Үй ішім...
Басымда жоқ лашығым!
Шыр етті әлдеқайдан сәби даусы,
Сол үнге елеңдедім,
Құлақ түрдім...
Тағы естілді...
әлсіз үн ызың еткен!
Тірі қалған...
Бір жасар қызым екен!
Дауыл қуған қаңбақтай қаңғып кеттік,
ОТАНЫНАН айрылған қиын екен!..»
Көкіректен көне күн оянды ма?
Көп отырды араб шал,
Ойланды да.
«Қызың қайда, ақсақал айтсаңшы!?», – деп,
Оқыстан шалға сұрақ қойғанымда:
«Не көрмеді, шырағым!
Қайран жүрек?..
Ит көздендік жат жерде –
Жадап-жүдеп».
Күрсініп қолын бейжай сілтей салды:
«Əлдеқашан бомбаға айналды!», – деп.
«Қырсық...
Қыңыр келеді жығылғанға!
Жан қалмайды екен ғой тығылғанға...
Израиль құзғыны қуа жетті,
Торғайдай паналап ек Ливанға!
Құмды кезген қаңғырып,
Тағылардай...
Кезбе кебін кидік біз –
Бағы жанбай!
Дірдектедік...
Бейруттің көшесінде!
Қолды жайсаң,
Үзім нан табылардай...
Қол жайғанмен –
ҮЗІМ НАН табылмады!
Үміт өлді!..
Алданыш сағым қалды!
Қасіреттен қартайды ару дағы...
Інжу-маржан алқасын тағынбады!»
Құс қанаты күйетін жаз аптабы...
Жауыздыққа отырмын ғажап қалып!
Шалмасының ұшымен көзін сүртіп,
Əңгіме айтты кемсеңдеп араб шалы.
ІІ-ТАРАУ
Адам қалай бомбаға айналады?
Ақын сенбей...
Бейжай бір ойға қалды!
Күнсіп жатқан көшеге бәдәуидің,
Өре шықты баласы ойнағалы.
Осылардай Фатима көз ашқалы,
Көргені автоматтың жез оқтары.
От шашқан...
Америка дзоттары!
Жылаған сәби үні тозақтағы...
Жарып шыққан жекендей қара тасты,
Қара тастайөмірге бауыр басты!
Бейбіт өмірТатпаған тәтті қиял...
Алай-дүлей алапат аспан асты!..
Қанаты күнге күйіп,
Алаулаған!
Аққудай бұлт көшті таранбаған.
әкенің арқасында кішкене қыз,
қарайды дүниеге қараң қалған...
қарайды дүниеге қараң қалған...
былықтан тазармаған...
жаралғаннан!
Келеді көк аспаннан үйлер құлап,
Солдаттар дар құрып жүр алаңдардан...
Қазады жемтік іздеп қарға қоқыр...
Туғанын жоқтап біреу зарлап отыр.
Қол жайып өткенге де,
Кеткенге де,
Бұрышта қайыр тілеп аруақ отыр!
Бастан аунап бұлыты талай ғасыр,
Арса-арса боп,
Ақ мәрмар сарайлар тұр.
Бөксе жағы арыстан,
Адам басты,
Тасқа айналған Сфинкс қарап жатыр.
Нелер заман!..
Ол тасқа айналғалы...
Талай дұшпан шуылдап қорғанды алды!
Ақ сауыты жарқылдап алтын күнге,
Сонау таудан Бейбарыс айқайлады.
Қол сілтесе Мамлюк ойланбаған!
Тұлпарлары астында жайдай жанған.
Қымыз ішіп,
Мысырда сайрандаған,
ҚЫПШАҚТАРҒА ...
Сфинкс таңданбаған!
ІІІ-ТАРАУ
Сүлесоқ...
Көше жатыр...
Жым-жырт маңға,
Құзғындар шүйіліп жүр –
Тастап бомба!
Тізіп қойып,
Оқтарды ойнап отыр.
Кішкене араб қызы келген онға...
Ойнап отыр...
Қауіп жоқ қаперінде.
Кім білсін...
Балалықтың әсері ме?
Соғыстан әкесі алып қашып келген,
Қара түн есте қалды жат елінде...
Айналада қызық көп...
Қыз қызығар!
Көктем мынау!..
Күніне жүз құбылар.
Аз уақыт соғыстың үні өшкенде,
Жер ананы аймалап,
Күн бұйығар...
Жер маужырап,
Бұйығып Күн-Анаға,
Ағыл-тегіл ақша бұлт жылағанда,
Жасыл таудың төсіне кемпірқосақ,
Құлпынайдай құлпырып,
Шығады ол да!
Қандай қызық!..
Құдай-ау, мына қара!
Жарығынан дзоттың,
Кие – жара,
Бүршік жарып,
Жауқазын келе жатыр...
Көгеріп, тасқа біткен қыналар да!
Анау кім,
Құмырсқадай құнжыңдаған?
Жер жыртқан қашырымен шыбжыңдаған...
Израиль танкісі таптайтынын
Күні ертең көктеуіңді...
Білдің бе адам?!
Күн күлді...
Күнмен бірге – Сәби күлді!
Ұмытып басқа түскен ауыр күнді.
Ойраны шыққан үйдің жабығына,
Ұясын қарлығаштар салып жүрді...
Өмір мәңгі соғыстың гүрсілі емес!..
Қыз жүрегін –
Тірілтті сыйқыр елес...
Қара жердің бетінде қайғысы жоқ,
Бақытты елдің болмауы...
Мүмкін емес!
Тасты жарып көктеген ана талдың,
Жапырағы жаяды алақанын!
Отқа өртеніп, өлсін деп өсірмейді...
Қарлығаштар сарауыз балапанын!
З.Тілеужанұлы 161 ОТ АДАМ
Аспан астынТағы бір басты сарын...
Гаубицалар –
Аузынан шашты жалын!
Андағайлап құзғындар келеді ұшып,
Дәндеген...
Ішіп адам тәтті қанын...
Тағы да жасыл бақтар шаңға айналды!
Ажалға...
Араб қызы таң қалмайды.
Келімсек солдаттарға қолын түйіп:
«Мен де бомба болам!», – деп,
АЙҚАЙЛАЙДЫ!..





Пікір жазу