06.09.2022
  95


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

ТҮЙЕЛІ ШАЛ

Аңыз еткен Қазақтың киелі елі,
Түйелі шал түсіме жиі енеді!
Қобызымен «Гөй-гөйдің» күйін тартса,
Босағандай таулардың жүйелері!
Боз тұманды бүркеніп...
Түнереді.
Қобыз күйі –
Боздаған аруана!
Селт етпейді сазарып,
Сары дала!
Сары дала төсінде –
Сары құйын...
Құм үйіріп,
Билеуден жалыға ма?!
Аяқ бассаң...
Сүрінер бәрі мола!..
Мола сайын –
Таянған тал бесікті,
КӨЗДІҢ жасын –
Көл қылған ғарып АНА!
Аңырып тұр таңырқап,
ҚАРИЯ да...
ҚАРИЯНЫ –
Ұғар жан табыла ма?
Анау жақта –
Қаңсыған «Көкше теңіз!» ...
Бұлақ қайда?
Құятын дарияға?!
Тұлпарларын жүздіріп,
ЖАУЫН қуған,
Балпаң басқан батырлар қару ала!
Айналаның бәрі таң ҚАРИЯҒА...
Мекен болған:
ТАРХАН менТАРАҒАЙҒА!
Ай күмбезді –
Əж-Тархан1
Қала қайда?
Ер ЕДІГЕ,
ЕДІЛДЕН ақырғанда,
Жасырынған жау қайда қарағайға?
Құты кеткен ДАЛАҢА,
Құлқын құлы –
Келіп жатыр...
Андыздап...
ҚАРА ҚАРҒА!
Семсер байлап беліне «Ақтабанда...»,
Жауға қарсы бабалар шаппаған ба?
Ақсауыты қанданып,
ЕР ҚАБАНБАЙ!
Жауды асырып,
АЛТАЙДАН қайтпағанда,
Жоңғар қолы –
Үдеріп қашпағанда,
Көрген күнің...
Не болар қасқа бала?!
МЫНАУ ДАЛА...
ҚАЙ ДАЛА?
СОЛ ДАЛА МА?..
Өзге жұрт кеп...
Төсіне орнаған ба?!
ЖЕР, СУ аты –
Қаптаған «ский-міски!»
ҚАЗАҚ ЖЕРІН...
Басқыншы қорғаған ба!?
Сорлы, балам!..
Ұқсайсың сорлағанға!»
Соны айтты да,
Бетке алып дала жақты,
Баба сөзін –
Жаңғырық ала қашты...
Желмаясын тебініп, тайраңдатып,
Түйелі шал –
Түнеріп бара жатты...





Пікір жазу