ЕРЛЕРДЕН ӨТКЕН ҚАЛДЫ РУХ
Ерлерден өткен қалды рух
Далада,
Тауда жаңғырып!
Қабанбай менен Бөгенбай,
«Аягөз» өзен бойында,
Жусатып жауды сан қырып...
«Ақшәулінің» басында,
Қарауылын қалдырып.
«Бала шәулі» түбінде,
Қубасты отқа шалдырып,
Көрген жауын таң қылып.
Қорғап қалған –
Дала бұл!
Алатауды алты айналып,
Ақ болат белге байланып.
Жебе тартса –
Жай жанып,
Қарт бурадай шамданып!..
Уақтан шыққан –
ЕР БАЯН –
АҚСҰҢҚАРДАЙ айналып,
Қорғап қалған дала бұл!
Сіргеліден Елшібек,
Қошқарұлы –
Жәнібек,
Қаз дауысты –
ҚАЗЫБЕК!
«Ердің елі –
Жаны» – деп,
Жан аяр не қалды?», – деп,
«Қалмаққырған төбеде»,
Жау қашырып алды кек!
Табыннан шыққан –
БӨКЕНБАЙ!
ОН ЖАСЫНДА ТАРТҚАН ЖАЙ!
Айсыз түнде –
Жол тартып,
Атқан оғын жоғалтып,
Жаубүйректен –
Дәм татып,
Ат жалына –
Қан қатып,
Айқайлап жау қашырып,
Қара Ертістен асырып,
«Ағатай!» ұран шақырып,
Арыстандай ақырып...
Қорғап қалған ДАЛА бұл.
«Тарбығатай» тауынан,
Боранбайлап ұрандап.
Ұрпағына жыр арнап,
АҚТАНБЕРДІ ақыннан,
Мұра болып қалған ЖЕР!
Жалынқұйрық ат мініп,
Ат құйрығын шарт түйіп,
«САБАЛАҚ», – деп аталып,
ТӨЛЕ БИДЕН бата алып,
ЕДІЛ,
АЛТАЙ АРАСЫН,
Жайлап жатқан елінің,
«Уатам! – деп,
Баласын...»,
Алтын тақтан безініп,
Ер үстінде көз іліп,
Дауға салса – шалы боп,
Жауға салса –
Ханы боп,
Қан майданда –
Алып сан,
АБЫЛАЙМЕН алысқан,
Қайтпай шығып ШАРЫШТАН,
Найзаға бас шанышқан!
АБЫЛАЙДАЙ бабаңнан,
Абырой боп қалған ЖЕР!
Сол ДАЛАҢНЫҢ айбарын,
Асқақтатар ҰЛ бар ма?
Асқар шыңға тігетін,
Қолымызда ТУ бар ма?..
Құлын жыққан-кесе өтсе,
Көк шалғынды жайлауда,
Асыр сап,
Балаң ойнай ма?
Жайраңдап жұртың тойлай ма?!
Сатылып кеткен жеріңді,
Атылып кеткен еріңді,
Мәңгүрт ұрпақ ойлай ма?
Оранып от пен жалынға,
Махамбет жортқан Нарында,
Абайың туған ауылда,
Басқыншы бомба жаруда!
Əміредей арысың,
Бибігүлдей бұлбұлың,
Розадай аруың,
Мұңайып ән салуда!
Бұққанды – сұға береді...
Жармассаңшы қаруға!
Аралың жатыр аңырап,
Сарыөзек жатыр қаңырап!
Құлтегін бабам –
Көзіндей,
ТҮРКІДЕН қалған шаңырақ...
Шайқалып тұрған шағында,
Қас пенен достың арасы –
Байқалып тұрған шағында...
ҚАЛҒЫМА, ҚАЗАҚ!
Калғыма!
Қалғитын жайың қалды ма?..