06.09.2022
  118


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

ЖЕТІМДЕР БҰРЫШЫ

Алатау кешкі сағыммен,
Алаулап аспан тірейді.
Сырласып өткен шағыммен,
Көңілі құрғыр жүдейді...
Алматым қалай өзгерген!
Аспандап үйлер шағала...
Баспана іздеп кезгем мен...
Жертөле қайда қалада?
Сарбаздай еді самсаған!
Қалыпты-ау,әттең, селдіреп...
Жарымыз сұлу ханышадан,
Өзіміз дағы мөлдір ек!
Таң атпай «Жетім бұрышқа...»
Мөлдіреп талай барғанмын...
Зар болып тап-тар қуысқа...
Орыстың кемпір-шалдарын,
Қалтаңда бармен асырап,
Ашаңдау жүрген жылдарым!..
ҚАЗАҚТЫҢ жерін басып ап,
Кіріптар қылған ұлдарын!
Кіре алмай кеткен –
СƏН САРАЙ!
Шертейін саған сырды шын...
Қаңғыған ҚАЗАҚ!
Қал қалай?
КЕЛІМСЕК!
Тірі жүрмісің?!
Жүргенде жатта –
Тімтініп,
Құлқынның қайран!
ҚҰЛДАРЫ...
Бір кезде атаң ту тігіп,
Жұтаған жұртың –
Тұл қалды!..
Орманың ойран...
Оты өлік...
Еңкейген кәрің арманда!
Қолына өтер көтеріп,
Безбүйрек ұлда ар бар ма?
Арқырап аққан өзеннің,
Арыны талай басылды.
Өзекке тепсе өз елің,
Сүйейсің кімге басыңды?
Желпініп жатыр көк қала,
Самырсын бақтар саялы.
Өзгермей қалған ...
Тек қана,
ЖЕТІМДЕР БҰРЫШЫ...
Баяғы!
Тымырсық көше...
Шаң буған,
Жаутаңдап жастар...
Тұр бәрі!
Баспана іздеп,
Қаңғырған...
ҚАЗАҚТЫҢ –
Қыз бен ұлдары!
Қаңбақша көшіп далаңда,
Ұшпаққа қалай жетерсің!?
Өгей боп туған қалаңда,
Қашанғы қаңғыр екенсің!...





Пікір жазу