ОҢАША ОЙДА ҚАЛҒАНДА
Арамыз біздің мыңдаған алыс шақырым...
Көз көріп,
Құлақ естімес жерде жатырмын.
Үміті өшкен...
Білтесі біткен шырақтай,
Мұңымды шағып,
Келмейді жанға шашылғым...
Шашылар едім,
Қайғыдан пенде құр ма екен?
Бақытқа барша –
Белшеден батып жүр ме екен!
Өзімді-өзім әртісше зорлап күлдіріп,
Шалқар өмірде –
Шалқалай басып күн кешем!
Жазбайсың сен де,
Жазбаймын мен де хат саған!
Хат таситұғын почтамыз біздің тоқтаған!
Шимай да шатақ –
Телефон сымы қаптаған...
Қаптаған сымның біреуін бізге тартпаған.
Жаланы тегі –
Уақытқа жаппан бірақ та!
Көрмесем сені сағынушы едім бір апта.
Керуені көшкен жетімек көлдей көңілім,
Құлазып жатыр...
Аққуы ұшып жыраққа!
Жастықтың үні жаңғырып әлі құлақта,
Серілік жылдар –
Семсерін салды қынапқа!
Күлкіміз біздің шашылып қалған сынапша,
Жолымыз кетті...
Айрылып аққан бұлақша!
Қолымнан сусып,
Ұстатпай кеткен сағымдай,
Немесе ұшқан баянсыз бастан бағымдай...
Керуені көшкен...
Иесіз жұртта қалғанда,
Келмеске кеткен оятпа күнді,
ЖАНЫМ-АЙ!..