06.09.2022
  81


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

ҚУҚЫЛ ТАРТТЫ ҚАЛМАДЫ КҮЗ АЙЫНДА ӘР

Қуқыл тартты қалмады күз айында әр,
Асауға құрық түскен сыңайы бар!
Көктем көшті...
Жайқалып жазға қарай,
Мойыл көзді арулар мұңайыңдар!
Ақырғы рет гүл теріп баққа барып,
Сүйген,
Күйген,
Күнді айтып мақтаналық!
Ойнап жүріп,
От басқан жас ботадай,
Күніміздің алдында мақтаналық!
Жас құлындай –
Бой жазған жайлауда еркін!
Жастығымды табиғат байлай берсін...
Жүрегімде суреті сақталмаса,
Қайта оралып,
өлген күн қайдан келсін?!
Жебемесін өткен күн –
Жанды мейлі...
Аз да болса-жастығым дәмді еді!
Қиялыма көшеді ...
Ол өлген жоқ!
Əлдилейді көктемім мәңгі мені!
Көкшенің биші қайың орманындай,
Арулар би билейді сондағыдай!
Сезім құйын!..
Құшақта өзің, КҮНІМ!
Би алаңы –
Перінің ойнағындай...
Менің де жанарымда жай жанады,
Би тарайды,
Бақ іші жайланады...
Шығыстан жаздың таңы сарғаяды,
Жұлдыздар да тарауға айналады...
Енді біз де таралық...
Жүр, Айналар!
Іше берсек тәттіні –
Уға айналар!
Өзімізбен махаббат бірге өледі,
Мойыл көзді, арулар, мұңаймаңдар!..





Пікір жазу