КЕҢ ҚОЛТЫҚ КИІМ КИМЕСЕМ...
Кең қолтық киім кимесем,
Алшаңдай басып жүрмесем,
Таулардан аққан бұлақтай,
Ақтарыла күлмесем,
Оңаша ойда қалғанда,
Түнерген ұқсап орманға!
Жеткізбей кеткен арманға,
Самала жұлдыз жанғанда,
Алыс та-жақын жандарға,
Көзімнің жасын көрсетпей,
Бес-он күн қонақ жалғанға,
Қойныма тырс-тырс тамғанда...
Оған да, жаным, таңданба...
Таңданба, жаным, таң қалма!
Жетпейтін қысқа ғұмыр бар,
Келмейтін күрмеп байлауға...
Кезеңде кекті жауым жүр,
«Келтір! – деп, кезін тарлауда!»
ҚАНЖАРЫ оттай жайнауда...
Сүрініп кетсем жарлауда,
Табалап жұртқа жайғанға!
Оған да, жаным, таңданба...
Таңданба, жаным, таң қалма!
Аярлар дайын алғанға,
Алғанға... күліп алдауға!
Өлексе шоқыр күшіген,
Өзгенің жайын ойлай ма?
Айналып ұшқан ақ тұйғын,
Тұғырға қайта қонбай ма?
Талабы биік туғандар,
Халқының қамын ойлай ма?
Санасыз сауық іздейді,
Жыртаңдау үшін тойларда!
Ойлай ма елді жебірлер,
Жемсауы жемге толғанда.
Оған да, жаным, таңданба!
Таңданба, жаным, таң қалма!
Əперші қайда домбырам!
Салайын шырқап айқайға,
Маңайда тыңдар жан барма?