КҮНШІЛ ЕСЕК
Осы жұрт мені есек дейді,
Өздерінше миғұлаға есептейді.
Жылқының данышпандықтан –
Шекесі қызғаны шамалы...
Сонда да арпаны асатып,
Сұлыны шайнатып,
Сауырдан сипап аялап,
Төрт аяғын тағалап,
Жалын күзеп,
Құйрығын тарап, түзеп,
Баласындай бағады-ақ!
Өйтетіндей адамға қандай қызметі өтіпті?
«Қанаты бар тұлпар» – деп,
«Аузымен құс тістеген сұңқар», – деп,
Айтқандар айта берсін!
Көкіпті!..
Тұлпар мініп қай ұшпаққа жетіпті?
Енді мысалға:
Мына мені алайық!
Өздерің де құдайшылығын айтшы,
Халайық!
Мені де шап айыл сап,
Ерлей ме?
Ерлейді!
Жем-шөп бермей ме?
Бермейді!
Қапты теңдей ме?
Теңдейді!
Арбаға жеге ме?
Жегеді!
Артқа тебе ме?
Тебеді!
Миғұла деп сөге ме?
Сөгеді!
Соған шыдаған менің жаным сірі ме?
Сірі!
Өзім де таңданамын...
жүргеніме тірі!
Бұтым талтиып,
Құлағым қалқиыпөсе алмай қалғаным,
сүйеушімнің жоқтығы.
Аттың алшаңдап жүргені,
Көтермешінің көптігі!
***
О заман да-бұ заман,
Есекті жемдегенмен,
Тұлпар шыға ма?
Қарғаны баптағанмен,
Сұңқар шыға ма?