06.09.2022
  115


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

ҚАҒЫЛЫП ТАСҚА ТҰЛПАРДАН ҰШҚАН ТАҒАДАЙ

Қағылып тасқа тұлпардан ұшқан тағадай,
Бұлтқа батып,
Жарқылдап көкте ағады ай.
Мұнарлы түнге –
Мұңая қарап отырмын...
Уәде еткен –
Жырымды саған жаза алмай!
Тәйірі, қашан таңсық боп еді жыр маған!?
Сезімім талай теңіздей толқып тулаған.
Жартасты жаба...
Жаныға құшқан толқындай,
Құшақтап тұрып,
Қыздарды талай жырлағам!
Қоштасып көктем...
Албырап талай күз өліп,
Қызға ұнау үшін –
Шалбардың қырын түзедік.
Көбісі-ақ соның,
Қатарда жүрген қыз еді...
Солардың бәрін –
Сұлулап жіберген біз едік!
Балпаңдап басқан –
Сүлеймен таққан ұрыста,
Теңедік қасын –
Қынаптан шыққан қылышқа!
Ұрынар қара таппаған албырт ақынға,
Қыздардың көңілін көтере салу жұмыс па!?
Барлығы өтті!..
Суынды қан да бойдағы.
Тарады дұман...
Тарқады топыр той дағы!
Өзіңе деген жаза алмай жүрмін жырымды,
Қағазға түспей,
қонымды теңеу ойдағы.
Суламиф1
қызға жарасар жаһут таппаған,
Сүпейменге ұқсап –
Бар қазынасын ақтарған,
Қалтара қарап,
Дағдарған кезім көп менің,
Ғайыптан бір жыр күткендей болып аспаннан!
Көгілдір таулар ереулеп сағым мінгенде,
Күнікей қыздар гүл тере шығып күнгейге...
Сыңғыр да-сыңғыр төгілтіп күміс күлгенде...
Жүрегі құрғыр өткенін ойлап күймей ме?..
Қағылып тасқа –
Тұлпардан ұшқан тағадай,
Бұлтқа батып,
Жарқылдап көкте ағады ай.
Мұнарлы түнге мұңая қарап отырмын,
Уәде еткен жырымды саған жаз алмай!..





Пікір жазу