06.09.2022
  84


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

ӘМІРТАЙ, КИІН!..

Ғашық қыз жайлы – жүректі тербеп жаңа мұң!
Жатырмын ойда...
Қиялдың ішіп шарабын.
Көшеде, әне...
Ағабек кетіп барады,
Махаббат жайлы –
Шәмшінің шырқап жаңа әнін.
Қыз күтіп жүріп,
Қызғалдақ жапқан қырда әсем,
Сол әнмен мен де –
Сонау бір күнде сырлас ем...
Сүймесем егер –
Шідерлеп асау ақ тайды,
Жиделі сайда сағына күтіп тұрмас ем!
Қыз күтіп жүріп,
Қызғалдақ жапқан қырда әсем...
Аққу төс бұлттар –
Айналып айды аймалап,
Тыншыған жанға көктемнің түні жайдары-ақ!
Жігітпен өзге өбісіп тұр ма...
Кім білсін?!
Бір кезгі ақын –
Арманы болған ай қабақ!
Аққутөс бұлттар – айналып айды аймалап!..
Əміртай, киін!..
Құр бекер үйде жатпалық!
Сынайық бақты –
Паркке барып,
Бақ барып!
Махаббат жырын меңіреу түнге тыңдатып,
Сипайық санын қаракөз қыздың ақ балық...
Əміртай, киін!..
Құр бекер үйде жатпалық!





Пікір жазу