06.09.2022
  130


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

КЕРГІТІП КЕРІК ҚЫРДА...

Кергітіп керік қырда кер дөненмен,
Сері боп мен де бір кез желмен ергем!
Жануар тұяғынан от шашатын,
Бауырын жазып бабы кеп терлегенде.
Жігіт-желең жиылып жұлдыз шыға,
Түн торуға шығушы ек құндызшылап.
Қылқиып қызды ауылға түсуші едік,
Жеңгейлерді ығыр қып қымыз сұрап.
Түн ұйыса...
Ауылды баса шымқап,
Көктемеде –
Көлшіктен бақа шулап.
Тірі ме екен сол қарттар...
Ит шәу етсе,
Бізді қуып жүретін асасын ап..
Көпең етсе сай жақтан қыз етегі,
Шіркін жүрек...
Ондайда дір етеді!
Мен секілді ақындар ару құшып,
Біреудің жамбасынан сыз өтеді...
Ол дағы ұзақ таңды күзетеді!..
Көп болды тақым тимей ерге жөндеп,
Кер дөнен-керік қырда терлеген жоқ.
Енді сондай ақ тамақ жеңгелер жоқ,
Дәл сондай, Бал қымызға шөлдегем жоқ!
Кер дөнен терлеген жоқ...





Пікір жазу