06.09.2022
  114


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

ҰМЫТЫЛҒАН ЕР

І-БӨЛІМ
Жапанда жалғыз жабығып,
Жан берген шығар жаралы ер!
Қазбауыр, бұлыттар!
Қамығып...
Ұмытқан елге...
Бара көр!...
Шексіз де –шетсіз...
Бұйра құм!
Түріктің бетпақ шөлінде,
Жалғыздық қыйнап қу жанын,
Асыққан шығар өлуге...
Таң атса –
Бетпақ сазарып,
Үрей сап жанға өлік түн...
Қанды ауыз қара мылтыққа,
Қол созып жатып, өліпсің...
Бәдауи тонап жол үстін,
Онсыз да мұнда –
пақыр көп...
Шығысты шапқан орыстың,
Ханында, тіпті, ақыл жоқ!..
ІІ-БӨЛІМ
«ҰМЫТЫЛҒАН ЕРДІҢ» МОНОЛОГІ
– Ұмытқан елге –
Сағыныш мені өртеме!
Қайрылмай кетті!..
Тасбауыр достар көрсе де...
Кегім жоқ елде –
Кебінсіз жатып...
Көз жұмдым...
Фирдоуси туған,
Хафиздер туған өлкеде...
Ол рас, мынау...
Барында екі қолда әлім!
Арғымақ мініп
Қорғадым орыс орманын!
Бурлак боп жүріп,
Бұрлығып кеме сүйредім...
Көзімнің жасын –
Толқыны шәйіп Волганың...
О! Келер ұрпақ...
Қиналған жүзге қарама!
Мелш етпес құмдай –
Қатігез мына замана...
Көсіліп жатып,
Кіндігім кескен өлкеде,
Өлуге мұрша –
Берді ме, сірә, ағаңа?
Қарашы мына...
Қатыгез күннің қайнасын!..
О, Ажал! Мені...
Қинамай алшы...
Алғасын!
Алыстан аңсап,
Аққулар төсін тараған!
Қанып бір ішер –
Көгілдір көлдер...
Қайдасың?..
Сарбаздар қайтар –
Өзінің салған жолымен.
Қуанар сәтке –
Қайғыдан шөккен момын ел.
Əкесін көрмей –
әкесіз өскен жетімдер...
томпаңдап шығып,
томсарып тұрып еңірер!
Кеткен ұл келмей...
Арғымақ мініп құба жал,
Боз басты, бабам –
Боздап бір сонда жылап ал!
Жаулықпен жасын –
Жесірлер сүртіп жұбанар,
Жаулығын жаттың –
Жамылар тағы...
Қуанар!
Жазылар жылдар...
Соғыстар салған жарадан!
Ұмытсын мейлі...
Ұмытсын мені бар адам!
Жан берер сәтте –
Жаутаңдап қарап жатады-ау...
Мен келер жолға –
әттең-ай! Менің кәрі анам!





Пікір жазу