06.09.2022
  119


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

АҚЫН ҮНІ

Шығыста сонау...
Кипарис гүлдеп көктеген,
Жат жерлік қолы –
Аяусыз тонап өртеген!
Орманда ойнап,
Жезкиік желмен жарысып,
Бұлақтан сұлу суалмайды енді ертемен...
Көп жылдар өтті...
өртенген жерге шаң қаптап,
Алаулап аспан,
Атпайды енді таң да әппақ!
Ағарып шәші –
Азалы болған ананың,
Вьетнам көлін –
Лайлап кетті жау таптап!
Иесіз қалған қамысты шетен лашық,
Тек қана желмен –
Мұңдасады енді сырласып...
Бұл үйден бір кез,
Жарлы да болса жыртық жең,
Қайғысыз өскен –
Ұрпақтар күліп шығатын.
Өлгеннің бетін...
Асығыс көміп жасырып,
Жылады халық –
Қия алмай абзал асылын!
Буып ап белге,
Жөргекте жатқан бөпесін,
Аналар кетті!..
Қанды ауыз мылтық асынып!
Кіндік қан тамған...
Топырағынан бір сүйіп,
Боз басты шалдар...
Боздады ұзақ күрсініп!
Өртенген ауыл қалды да артта қаңырап,
Орманға қашты жаралы болған тіршілік!..
Қанат қақ,жырым!
Солардың еркін еліне!
Үнің қос сен де –
Ызалы ашу,кегіне!
Ардағын көмген,
Ананың сүртіп көз жасын,
Панасыз қалған –
Жетіммен бірге еңіре!..
Ақынның ЖЫРЫ!
Дамыл ал сонда өр кеуде.
Қайғысыз ұрпақ өмірге күле келгенде!
Үріккен құстар...
Ұясын аңсап тапқанда,
Жер басып жүрген –
Ақырғы жендет өлгенде!.





Пікір жазу