06.09.2022
119
ФОНТАН
Əлдебір ақ білек пе жар шақырған,
Болмаса,
Қыз бұрым ба тарқатылған?
Бұл фонтан –
Табиғаттың жүрегінен,
Шабыт па,
Тереңінен ән сапырған?!
Болмаса бір ақынның мен білмеген,
Жыры ма,
Ажал тежеп төгілмеген?
Қауышпаған ғашықтар жанарында,
Жасырынған жас па екен көрінбеген!..
Жел түгіл,
Самал тербеп үп етсе егер,
Сезімтал –
Осы кеуде түтеп берер...
Өзегі ақ жалын боп жалтылдаса,
Өз жаның –
ақ дауыл боп жетекке ерер!
Өмірді...
Бұл фонтандай киіп кетіп,
Төменге –
Тұрсаң маржан құйып кетіп!
Не жетсін – жастығыңда армандауға,
Не жетсін – Атылғанға биікке тік!