06.09.2022
  112


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

ШЫНАР СЫРЫ

Мен шынармын!
Шың төсіне көктеген!
Аймаласқан сонау теңбіл көкпенен.
Биік сүйген жандарға сыр шертемін,
Өмірлері –
Ойнап өскен отпенен!
Бұраңдайтын самал желпіп өткенде,
Шілік едім...
Бір көгілдір көктемде.
Тағдырыма ызалы едім –
Баққа емес,
Ызалы едім –
Тасқа шаншып кеткенге...
Нәрестенің саусағындай тамырым,
Емшек іздеп,
Кезді тастың бауырын!
Қандай ғана қиын болды десеңші!
Таңдайыма бір ташы сүт тамуың?
Туған жердің –
Бүгін шолып алқабын,
Ақша бұлтына –
Білегімді артамын!
Көк дауылмен енді өзім туыспын,
Керегі жоқ –
Енді маған қалқаның!
Жүрген болсаң,
Тағдырыңнан жасқанып,
Шынарға бар!
Сыр айтады ол ақтарып.
Ол айтады –
өскендігін шынар боп,
Ол айтады –
өскендігін тас жарып!





Пікір жазу