06.09.2022
  400


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

ӘЖЕМЕ

(Əжем-Рымжан марқұмға арнаймын!)
Бір кезгі қара балаң –
Күн қақтаған!
Енді ақын –
Жанын жырға құндақтаған!
Жүрсем де қара тастан сезім тартып,
Сен жайлы жыр жазуым қымбат маған!..
Арда ембей- –
Ана емшегін, мүлде, тіпті...
Əкемді оқ...
Қайғы АНАМДЫ күйретіпті!
Тұл үйдің –
Тұл түтінін ұшпай қалған,
Бесіктен...
әжем маған үрлетіпті!
Шәйіңді қара ішіп әрдайымда,
Көршіден сүт сұрапсың таңдайыма!
Анам боп, дөңге шығып күн сап қарап,
Əкем боп...
Мінгізіпсің тайға құла!
Əжемнің көзіндегі оңаша мұң,
Тым ерте...
Қалды басып бала шаңын!
Ақсүйек мен ойнаған...
Қырда қалып,
Құрбыма кенейімді бере салдым!
Айнымай басыңдағы қарқарадан,
Шашыңа жыл бұлтынан қар тараған.
Айналдым!
Əжіміңнен маңдайдағы!
Екі ұрпақ –
Тауқыметін арқалаған!





Пікір жазу